Шымкентте «ҰЛЫ ҚАЗАҚ ОЙЫНДАРЫ» этнофестивалі өтті

334

Шымкентте «Ұлы қазақ ойындары» атты этнофестиваль өтті.  Қатысушылар Ulttyq oiyn (аламан бәйге, көкпар, топ бәйге, аударыспақ, құнан бәйге, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, садақ ату), Ulttyq tagam (бауырсақ, қымыз, сірне, шұбат, жент, қуырдақ, ет), Ulttyq oner (терме, жыр, қобыз бен домбырада күй, дәстүрлі ән, жетіген, айтыс, би) және Ulttyq kiim (қамзол, сәукеле, қалыңдық киімі, тақия, шапан, ерлер киімі үлгілері) бойынша сайысқа түскен болатын.

Ұлттық нақыштағы киім үлгілері. Қызылды-жасылды оюмен өрнектелген үздік топтама «Ұлы қазақ ойындары» этнофестивалінде көрсетілді. Этноауылға жиналған жұртшылық  білекті жігіттердің белдесуін тамашалап, ұлттық тағамдардың жасалу технологиясымен танысқан еді.

Еліміздің әр аймағынан арнайы келген дизайнерлер ұлттық киім аталымы бойынша сынға түсті.  Сайысқа қатысушыларға қойылған талап қатаң. Басты шарт: дизайнерлер топтамасында 12 түрлі ұлттық нақыштағы сәндік-қолданбалы бұйымдар болуы керек екен.

 Бүгінде «Асық ойнаған – азар» деген ұғым артта қалды. Бұл ойынға әлі күнге дейін қорасында малы бар, төрт түлігін түгендеп отырғандар әуес. Қазақта «Асықты асық деме, салмағы болса – сақа болар! Баланы бала деме, ақылы болса – дана болар!» деген есті сөз бар. Ауқымды сайысқа жер-жерден сақасын сайлап, мергендігін сынау үшін жасы да,  жасамысы да  қатысып,  жүлделі орындарды сарапқа салды.

«Ұлы қазақ ойындары» этнофестивалінде аспаздар да ұлттық асты дәмді және жасалу технологиясы жағынан ерекше қылып дайындады.  Олар үздіктердің қатарынан көрінуі үшін тағамның шығу тарихын біліп, мәдениетін тануы керек. Аспаздар «Бесбармақ», «сірне», «бал қуырдақ» сияқты тағам түрін дайындауда өздегінше құпия рецепті пайдаланды. Ұлттық нақышта айшықталған ауылда 200 -ге жуық киіз үй тігілді. Қазақ үйлерге еліміздің әр аймағынан келген қатысушылар жайғасып, өз өңірінің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттады.  Ұлттық идеология көрініс тапқан ауқымды шараға демеушілер есебінен қомақты жүлде тігілді.  4 бағытты қамтыған «Ұлы қазақ ойындарында» 11 аталым бойынша үздіктер қорытынды шарада марапатталды.  Өз алдына жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары да қатысып қайтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз