Талдықорған қаласы мектептерінде еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімді жыл мезгілінің ең бір шуақты күндерімен қатар келетін Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Көктем келді көл-көсір шуақ құрып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің Наурыз жүр,
Қыс көрпесін ақпанның лақтырып,- деп Мұқағали жырлағандай, Наурыз айында кез-келген адамның көкірегі жырға толып, көңілі көктем болары сөзсіз. Жаратқан Жер-Ана да мейірімі мықты анадай бар байлығын беріп жатса, жарықтық күн де жүрегі мықты данадай жылуы мен жарығын санамай төгетін кез ғой бұл!
Биылғы Наурыз мейрамы Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау күнімен қатар келіп, айлардың сұлтаны Ораза айымен астасып жатқанын жақсылықтың нышанына балайық.
Бүгінгідей мереке күні баршаңызға мол бақыт, істеріңіздің сәтті болуын, қазақ еліндегі бейбіт пен тыныш өмірдің шырқы бұзылмауын тілеймін. Әр шаңырақтың ырысы ортаймасын. Отбасыларыңыз аман болып, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Сіздердің әрқайсыларыңыздың жүректеріңізде ертеңгі күнге деген сенім мәңгілік болсын!
Шалқар Құдайбергенов,
«Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы
№18 орта мектеп-лицейі» КММ директоры