Артық білім кітапта

198

«Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа арнап қалдырған рухани өсиеті, қаусаған қарттың өмір есігін жаңа ашқан жасқа өлер алдында айтқан ақылы, тынығуға кеткен сақшының өз орнына келген сақшыға берген бұйрығы болып табылады». Оның тірі организм сынды жаны бар, бұл ой әлемі. Абай «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге»-деп өсиет етіп кетті. Білімнің, рухани қазынаның қайнар бұлағы өзінің құндылығын жоғалтқан да, жоғалтпақ та емес. Қазіргі таңда  қайығының  желкенін руханиятқа қарай бағыттап, кітап толқынында тербеліп жүрген замандастар қатары артуда. Яғни, жастар арасында жеке кітапхана қалыптастыру үрдісін жиі байқап жүрміз.

Мұхтар Мағауин «Белгілі мөлшерде жеке кітапханаңыз болғаны шарт. Ол үшін көп ақылдың керегі жоқ. Аласыз, жинайсыз, жұмыс кабинетіне немесе тұрғылықты үйдегі қолайлы бір бөлмеге реттеп, қаластырып қоясыз. Кез келген үлкенді-кішілі жазушы, жазушы емес, қандай да бір зиялы, сауатты азамат тұрмысындағы үйреншікті жағдай. Жеке кітапхана! Өзіңіз үшін, отбасыңыз, өсіп келе жатқан бала-шағаңыз үшін»-деген. Кітап жинауға сергек қарайтын, кітап оқуға деген сүйіспеншілігі аса зор жандардың бірі – Аймарал Дәулетбек. Кейіпкеріміз жар, екі перзенттің анасы, бір отбасының ұйытқысын келтіріп отырған келін. Ол күнделікті тұрмыстық жағдайды, әрнені  сылтауратпай, рухани толысуға басымдық берген. Ұлт ұйытқысы, қоғам тірегі ретіндегі оның басты миссиясы  ұрпағына тәлімді тәрбие бере отырып,  ерте жастан кітап әлеміне баулу.

                                            Алғашқы таныстық

-Негізі мектеп кезінен поэзияны көбірек оқып, түрлі байқауларға қатысып жүрдім және баршамызға белгілі «Қараш-Қараш» оқиғасын  қойылым ретінде қойып, сол жерде байдың рөлін сомдағаным бар. Міне, менің алғаш кітаппен таныстығым осылай басталды. Ал, студент кезден бастап жан-дүниеммен сезініп, кітап құдіретін толық түсіне бастадым.   Бір жағынан журналист мамандығында оқығандықтан сөздік қорды байыту керек болды. Кітаптарды оқи келе басқа, өзіндік ерекше  әлемнің барын түсіндім. Содан бір рет «дозасын» қабылдадым да тоқтай алмай қалдым. Университет қабырғасында  кішігірім «Кітапқұмарлар» деген клубымыз болатын. Оқыған кітаптарымызды талқылап, театрдағы қойылымдарға бірге барып, әртүрлі кештерден қалмауға тырысатынбыз. Кітап адамды баурап алатын қасиетке ие ғой. Алайда, ең алғашқы оқитын кітабына да байланысты  деп ойлаймын. Сондықтан таңдап-талғап, өзіне ұнайтын жанрдан бастағаны дұрысырақ.

                                           …Тәуелділік

-Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ең бірінші, әрине, сөздік жадтың молаюы, қарапайым сөздің өзін әдемі түрде жеткізе білуді сыйлады. Кейде жолдасым «Ондай сөзді қайдан білесің?» деп таңданысын жасырмайды.  Осы уақытқа дейін көркем әдебиетті көбірек оқыдым. Қазақ классиктерін әлі де  тауысы алмай келемін. Уақыт өте келе адамның талғамы, сұранысы да өзгере бастайды ғой. Сол себепті де қазір дін тақырыбында және психологиялық кітаптарға басымдық беріп жүрмін. Дей тұрғанмен көркем әдебиеттің орны әлі де болса бөлек. Кітап оқымай қалсам заманнан қалып қалғандай, ішімде бір бос кеңістік пайда болғандай  күй кешемін.  Оқыған туындылар арасында ең көп талқыланғаны  Дулат Исабектің «Қарғын» романы. Студент кезімізде жас болдық, махаббат оқиғасы біз үшін алып оқиға іспеттес еді. Кейін өзімізді қыздың, жігіттің, әйелдің орындарына қойып, басқаша қырларынан қарайтын болдық. Маған ең ауыр тиген Әділбек Ыбырайымұлының «Зауқайыры», Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясы», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармалары,  жыламай  оқу мүмкін емес. Еркектердің әлімжеттігі,  қиянаты, қабір басындағы үшінші төбешік әлі де көз алдымнан кетпейді. Ойыма түскен сайын бір қамығып қаламын. Батылым батпай, бірнеше мәрте оралған бір кітап «Абай жолы» романы. Үш рет бастап, алғашқы бөлімінен ары аспай, қайтадан алып жүріп соңғы оқу жылында ғана аяқтаудың мүмкіндігі туды. Мен үшін ауыр кітап болды десем жалған айтқаным емес. Мүмкін қабылдау қиын болды ма, әлде сөз орамдарын, мағынасын түсіну қиындық тудырған болар. Тағы да қайталап өткім келеді:  кітап оқуға қызығушылық танытқан адамдарға сәл жеңіл шығармалардан бастауға кеңес беретін едім. Мысалы Оралхан Бөкейдің шығармалары тілге, оқуға жеңіл, түсінікті. Егер шытырман іздесеңіз Төлен Әбдіктің шығармаларын оқуға болады. Қиялыңа ерік берсең кітап оны шыңдайтын ең мықты құрал дер едім. Соңғы бір жылда оқыған кітаптарымнан ішімде бір тұңғиыққа сүңгітіп, жалғыздыққа батырып кеткен Харуки Муракамидың «Норвег орманы» болды. Осы кітапты оқығаннан кейін бірнеше уақыт бойы түсініксіз күйде жүрдім. Шынымен, кітаптағы жалғыздық маған өтіп кеткендей болды. Кейіннен кітап талқылайтын адам таппай,  әлеуметтік желіде жариялаған жазбаммен ішімдегіні шығардым.

Кітап оқуға уақыт жоқ дейтін жандарға таңқаламын. Кітап оқуға уақыт бөлудің өзі негізі ниеттен басталатын шығар. Егер ниетің оқу, даму, жаңа нәрсені білу болса уақыт табуға болады деп ойлаймын. Бәріне берілген бір уақыт. Сылтауратып уақытымызды қазір әлеуметтік желінің қанжығасына байлап қойғанбыз. Бір кірсең басыңды көтеріп шығып кету бір күшті талап етеді. Мен белгілі бір қағида ұстанамын деп айтпаймын. Тек, ең бастысы  үздіксіз, аз-аздан болса да тоқтатпау. Егер оқымасам бірден жетіспеушілік пайда бола бастайды. Қарап тұрсаңыз кітапқа деген тәуелділік қой, мен бұған қуанбасам, ренжімеймін. Бала біздің айнамыз,  көргенін істейді. Қызым қазірден кітапқа құмар. Соны көрген сәтте дұрыс жолда екеніме көзім жетеді. Осы орайда екінші анама және жолдасымның қарындастарына  алғысымды білдіргім келеді. Керек кезінде үй шаруасына жәрдемдесіп,  балаларыма қарап, кітап оқыған уақытта артық мазаламайды.

                                             Кітап оқу трендте

-Ия, қазір кітап оқитын жастардың қатары көп. Біздің қаламыздың өзінде кейде қоғамдық көлікте, кофеханаларда, саябақтардан кітап ұстаған қыз-жігіттерді жиі байқауға болады. Бұл орайда дамыған заманда мүмкіндік те көп қой. Әлемдік және қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын оқуға және тыңдауға мүмкіндік беретін бірнеше арнайы  платформалар бар. Ол жерде  оқу сауаттылығын, кәсіби біліміңізді көтере аласыз, одан бөлек қазақ тілін үйренуге, дамытуға таптырмас құрал ретінде пайдалануға да болады. Қазақстанды кітап оқитын мемлекетке айналдыруды мақсат еткен «Кitap Al»-дың YouTube жобасы бар. Соңғы статистикаға қарасақ кітап оқитындардың саны  едәуір өскен. Бұған дәлел  кітап сататын  дүңгіршектердің, онлайн дүкендердің  көптеп ашылуы. Осы ретте қазақ тілді қыз-келіншектерге арналған «Майшам» атты кітап оқу клубын ашпақ ниетім бар. Себебі, кітапты оқығаннан кейін алған әсеріңмен бөлісу, тұншыққан сезімдерді сыртқа шығару керек. Ой алмасу, талқылау бұл да бір шығармашылық адамға ерекше сезім сыйлайтын сәт. Сол себепті де осы жобаны жасамақ ниеттемін. Реті келгенде айта кеткенім жөн болар, дәл қазіргі сәтте осы бағытта жұмыс жасап, парақша жүргізіп жүрген кітапқұмарлар бар. Кейде сәл артық кететін тұстары да болады. Оқыған шығарманың біреуге ұнауы, екінші біреу мүлде қабылдай алмауы заңдылық. Алайда бұл тұста авторға, шығармаға баға беру деген менің түсінігімде үлкен қателік тәрізді. Біз  жазушы немесе эксперт емес, жәй ғана оқырманбыз, осыны әсте естен шығармасақ екен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз