Құрылысшылар күні мерекесіне орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бірқатар ардагер құрылысшылар мен облысымыздың индустриалдық-инновациялық дамуына үлес қосып жүрген компания өкілдері мен кәсіби құрылысшыларды құттықтады.
Сахна төріне көтерілген Ернат Дүйсенбекұлы «Әлемде әр түрлі мамандық болса, соның ішінде, қоғам өмірінде маңызды орын алатын, ауыл мен қаланың гүлденуіне тікелей үлес қосатын — мына Сіздер, құрылыс саласының қызметкерлері! Еліміз тәуелсіздік алғалы, барлық салада, соның ішінде құрылыста жемісті жетістіктерге жетті. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы арқылы мемлекеттің гүлденіп-дамуы жолында қызмет ететін әр саланың маңыздылығы айқындалды. Құрметті құрылысшылар! Осындай жауапты мамандықты меңгеріп, ел игілігі жолында талмай еңбек етіп жатқан Сіздерге бүгінгідей мерейлі сәтте шынайы алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Қажырлы еңбектеріңіз әрқашан табысты болсын!» –деді. Осыдан кейін құрылыс саласының майталмандары Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапатталып, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ, шаhар басшысы өңір дамуына ерекше серпін беретін қаламыздың жаңа Бас Жоспары әзірленуде екенін атап өтіп, бірқатар жағымды жаңалықтарға тоқталды. Айта кетейік, биыл қала аумағында үстел теннисі мен волейбол спорт кешені және 9 ықшам ауданында 693 пәтері бар 21 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, көркем гимнастикаға арналған зал, спорттық кешен мен заманауи үлгідегі онкологиялық орталық құрылысының жобасы әзірленуде. 11 – 12-ші шағын ауданда 23 көпқабатты тұрғын үй, Қаратал өзенінің оң жағалауында 20 көпқабатты тұрғын үй жобалануда. Бұл нысандар құрылысы келер жылы басталмақ. Одан бөлек, Өтенай ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынуда.