Облыстағы 6 балаларды оңалту орталығында бір мезгілде 500-дей бала ем ала алады

157

Жетісу облысында балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсететін 6 оңалту орталығы бар. Оларда бір мезгілде 500-дей бала ем шараларын қабылдай алады. Орталықтар психоневрологиялық патологиясы, тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. АВА терапиясы, емдік массаж, дене шынықтыру, су рәсімдері және тиімді оңалтуға қажетті басқа да әдістер қолданылады. Осындай нысанның бірі Үшарал қаласында орналасқан «Жансая» күндізгі болу орталығы 50 орынға арналған.

Орталық  ашылғанға дейін Алакөл ауданында мүгедек балаларға арналған мұндай оңалту орталығы болған жоқ. Ата-аналар өз қаражаттарына балаларын Алматы, Астана қалаларына оңалтуға апарып жүрген. «Жансая» орталығы ашылғаннан кейін қазір мәселе жергілікті жерде шешімін тауып, орталық балаларға тегін қызмет көрсетуде.

Орталыққа келуші ата-аналардың бірі, Үшарал қаласының тұрғыны Айгүл Каримова қызы Әминаның осы оңалту орталығынан ем шараларын алып жүргеніне екі жылға жуықтағанын айтады:

— Балам орталыққа алғаш келген кезде жүрмейтін, қазір жүре алады. Мұнда білікті мамандар жұмыс жасайды, олардың қызметтеріне ризамын, алғысым шексіз. Бұл жерде қызым емдік дене шынықтыру, еңбек, музыка сабақтарына қатысады, массаж алады, баламен логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Мұндай кешенді ем шаралары баламның денсаулығына оң әсерін тиігізіп отыр, — дейді А. Каримова.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, мұнда «Имитрон» серуендеу тренажеры, нейро-ортопедиялық оңалтуға арналған комбинезон, қадамдық тренажер, тірек рамасы, физиотерапиялық құралдар сияқты оңалту жабдықтарымен қамтылған. Ал облыстағы жалпы саны 6 оңалту орталығында 380 бала арнайы әлеуметтік қызмет алады.

Еске салсақ, 6 балаларды оңалту орталығының 5-еуі Жетісу облысы құрылғаннан кейін ашылған болатын.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз