Текті өнерге құрмет

123

 Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі-терме» атты байқау өтіп ,оған ел арасында осынау төл өнерімізді  дәріптеп жүрген  ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз қатысты.Жиналған дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырған термешілер халық арасында көп орындала бермейтін туындыларды ұсынумен ерекшеленді. Әділқазылар құрамында болған жетісулық танымал  сазгерлер мен әншілер байқау қорытындысын шығарып, нәтижесінде, 1 орынды — Құрмаш Исмаилов, 2 орынды- Ардақ Ибраимова иеленсе, Сартбай Жұмашбаев пен Асхат Исатаев 3 орынға лайық деп танылды. Тағы 3 термешіге ынталандыру сыйлығы тапсырылды.

Мұратбек Қожабеков,Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:-Бүгін мынау халықтың көптен бері назарынан тыс қалып бара жатқан төл өнеріміз-терме байқауын ұйымдастырып отырмыз.Кеңес үкіметі кезінде термелер теледидар арқылы көп берілетін. Кейінірек осы ұлттық құндылығымызға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей  қалды десем артық айтқандық болмас.Сондықтан қалалық ардагерлер кеңесі бастама көтеріп, «Текті сөздің төресі-терме» атты байқау ұйымдастырдық. Оған ардагер термешілер  қатысты . Ал, ардагер әншілеріміз байқауды әнмен өрнектеп, күймен көмкеріп,үлестерін қосып байқаудың жоғары деңгейде өтуіне  атсалысты.

Сартбай Жұмашбаев, термеші: — Ақсуда туып-өстім. Қасымыздағы Қоңыр ауылында атақты әнші,термеші- Қажыбек Бекбосынов деген жігіт болған.Жолдасым Рақым  Тәжібаев екеуі 1965 жылы музыкалық студия ашылып, оқуға түсті .Сол жігіттермен достаса жүріп,кейіннен қазақтың біртуар дарынды ұлы-Жәнібек Кәрменовпен де жақын араластым. Ол кісілердің айтатын толғауларын,термелерін орындап жүрдім.  Өзім ауылшаруашылығының маманы болсам да, өнерден қол үзбедім. Бүгінгі байқауға «Өмір термесі» деп аталатын туындыны әкелдім және Исаның желдірмесін орындадым. Исаның желдірмесін 70-80-ші жылдардан бері айтамын.Алматы өңірі мен Жамбыл облысынан осы туындыны айтатындар сирек кездеседі. Оны ұрпақтан- ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтып,байқауда әдейі орындадым.

Құрмаш Исмаилов,термеші:- Терме –халықтың төл өнері.Байқауға « Қазақ елі» тақырыбындағы және «Ақсақалдар» деген екі авторлық термемді әкелдім. Жиналғандар  жылы қабылдады. Айтарым,  терме байқауы осымен тоқтап қалмаса екен.Артымызда келе жатқан ұрпақтарымыз бар,солар жалғастырса. Қазір термешілер жоқ деп айта алмаймыз. Қызылорда өңірінде Сырдың термешілері ,өзіміздің Жетісу облысында да  жақсы термешілер бар. Енді осы өнеріміз ауыл-ауылдарда  билік басында отырған басшылар,азаматтардың қолдауымен  кеңінен насихатталса деген ой.Қазақтың жастары жиналған жерде қолына домбырасын ұстап, терме айтып жүрсе,қандай жарасымды, әрі қазақи құндылықтарымыз аласармай биіктей берері сөзсіз.

Гүлжанат Мырзалықызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз