Жаңа оқу жылы басталар сәт те алыс емес. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға,тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек беру үшін елімізде жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде.
Акция аясында ағымдағы жылы жоғарыда аталған әлеуметтік жағынан осал отбасыларда тәрбиеленіп жатқан әр балаға 43 мың 407 теңгеден қаражат бөлініп отыр. Ол қаражат ата-аналардың карточкалық есепшоттарына 10 тамызға дейін толық аударылады. Сонымен қатар 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында қазақстандық қалталы азаматтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері халқымызға тән ұлттық ерекшеліктерді, мейірімділік, қайырымдылық, әділдік сынды асыл қасиеттерді насихаттап, жас ұрпақтың бойына рухани адамгершілік дәндерін себу мақсатында көмек беріп,қолдау танытады. Оған үлес қосу- әр адамның борышы. Талдықорған қаласында «Мектепке жол» акциясы шеңберінде дәстүрлі жәрмеңке өткізіліп жатыр. Халықтың көп жиналатын, көп жүретін орталық көшесінде орналасқан жәрмеңкеге келушілер қатары күн санап көбейіп келеді дейді кәсіпкерлер.
Алтынай Айбарқызы, кәсіпкер: — Біз шілденің 31-нен бастап жәрмеңкеге үлес қосып жатырмыз. Негізінен оқу құралдары сатылады. Бағасы кез келген дүкеннен арзан. Мәселен, өте сапалы «АБДИ» дәптерлері — 22 теңгеден. Фирмалық дүкеннің өзінде ол біздің бағаға қарағанда қымбаттау. Сол сияқты қалам, қарындаштар, түрлі оқу құралдарының құны ең төмен бағада сатылуда. Себебі, өндіруші кәсіпорындармен тікелей байланыс орнатқанбыз. Ортада бағаға кереғар әсер ететін делдалдар жоқ. Сондықтан болар, алушылар қатары да күн санап көбеюде.
Камила Құдайбергенова, сатушы: — Біз негізінен киім-кешек сатып жатырмыз. Кофталардың құны 2 жарым мың теңгеден басталады. Тауардың дені — Қырғыз елінен алынған. Отандық өнімдердің құны қамбаттау. Жергілікті кәсіпкерлер өнімдерінің бағаларын арзандатса жақсы болар еді. Дегенмен, сауда жақсы жүріп жатыр.
Гүлнар, Жансүгіров ауылының тұрғыны: — Менің 6 балам мектепке барады. Жыл сайын Талдықорған қаласына арнайы осы жәрмеңкеге келіп, киім-кешек, оқу құралдарын сатып аламын. Биыл Аллаға шүкір, мемлекеттен әр балаға 43 мың 407 теңгеден қаражат бөлініп, бөркімізді аспанға ата қуанып жатырмыз. Болашақ азаматтарының қамын ойлаған Президентімізге, Үкімет басшыларына айтар алғысым шексіз.
Алтынай, Талдықорған қаласының тұрғыны: — Менің 2 балам мектепке барады. Бүгін жәрмеңкеден оқу құралдарын арзанға алып, қуанып қалдық. Сапасы да өте жоғары. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз.
Құмар, Үшарал қаласының тұрғыны: — Талдықорғанда тұратын туыстарымның балаларына жыл сайын базарлық жасап, оқу құралдарын, сөмкелерін, киімдерін алып беремін. Биыл мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп жатқанына ризамыз. Көп балалы отбасыларына бұл тамаша көмек. Еліміз дами берсін!
Гүлжанат Нұршанова