Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жастар» спорт сарайында ардагерлер арасында бильярдтан турнир ұйымдастырылды. Айтар болсақ, облыс орталығы Талдықорған қаласында тұратын ардагерлер Арбатта жиі бас қосып дойбы, шахмат ойнап, жиі бас қосатындығы баршаға белгілі.
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбековтің айтуынша, ардагерлер кеңесі түрлі бағыттағы шараларды жиі ұйымдастырады. Бүгін игі дәстүр жалғасын тауып, бильярдтан турнир өтті. Сайыстың ерекшелігі – қатысушылар бұл спортпен кәсіби түрде айналыспаған. Олардың әрқайсысы бұған дейін түрлі салада қызмет атқарған. Бірақ таяқ пен шарды серік етіп, бос уақытын ойынмен өткізуді құп көреді. Бұл жолы барлығы 20 зейнеткер бақ сынасып, жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
Облыстық бильярд федерациясының президенті Тоқтар Есімов жарысқа қатысушыларға ойын ережесін түсіндірді.
-Бұл ойынды өткізу бұрыннан жоспарымызда бар болатын. Осы сайысты өткізудің сәті түсіп отыр. Қарап көрсек, осы жерде ойыншылар бір партия ойнағанда 1,5-2 шақырым жүріп қояды екенбіз. Бұл енді дәлелденген нәрсе. Сондықтан бірінші жағынан, біздің денсаулығымыз, екінші жағынан, ойнап жатқан кезде сұхбаттасып, ойымызды бөлісіп, осындай ойын көңілімізді көтеруге жақсы екен. Ақсақалдар айтады, көңіліміз көтеріліп, жасымыз ұлғайып, өміріміз ұлғайтып жатқанына рақмет сіздерге деп, бізге рақметін айтып жатыр,- федерация басшысы.
Әлім ата, 82 жаста
-Осы жерде жүргендердің бәрі зейнет жасындамыз. Осындай спорттық шаралар көп болсын. Құдай қаласа, ардагерлер осындай жарыстарға қатысуға тырысады. Үйде құр қусырып жатқаннан гөрі салауатты өмір салтына үндейтін осындай спорттық шаралар көп болсын. Қатысушыларға сәттілік тілеймін.
Исағали Төлеубеков, 85 жаста:
-Біз енді қарт адамдар конькимен жүгіре алмаймыз, шаңғы тебе алмаймыз, жүгіре алмаймыз, секіре алмаймыз. Сондықтан бізге дойбы, шахмат, бильярд деген ойынға біз өте зарықпыз. Ылғи да ойнағымыз келіп отырады. Бәріміз қуана-қуана келіп ойнап жатырмыз. Осының алдында ардагерлер ұйымының ұйытқы болуымен шахмат, тоғызқұмалық , дойбыдан жарыс болыпты. Қарт кісілер бір-бірімен дидарласып, сұхбаттасуға уақыт тауып жатады. Бүгін бильярдан жарыс өтеді дегенді естіп келдім. Бұл ойыннан басқа үстел теннисі, дойбы, шахмат, гимнастикамен айналысқам. Үстел теннисінен банк қызметкерін ұтып кеткенде, жастар бас шайқады. Үйде отырған қария бұл қалай деген жүздерінде сауал тұрды. Жас кезімде гимнастикамен айналысқан кезім болған. Ал үйде орташа бильярд тақтасы, шахмат, дойбы дегенді күнделікті ойнаймын. Немерелер де машықтанып алған. Спорт-денсаулық кепілі екенін ұғынуымыз керек.
Қазір күнделікті екі рет суық сумен шайынамын. Оның денсаулыққа пайдасы зор. Ұлты орыс көршілеріммен барып, қыста өтетін мерекелерінде күннің суығына қарамай мұздай суға шомылып шығамын. Сонда бұл әрекетімді көргендер таңқалып жатады. Денсаулықты әркез шынықтырып тұру керек. Мұнда келіп ойнағанда кішкене еңсеміз көтеріліп, көңіліміз көтеріледі. Рақмет азаматтарға.
Тартысты бәсекеде шеберлік танытқан қариялар марапатқа ие болды. Жеңімпаздарға, С.Қожақанов, Б.Туғанбаев, Ы.Жапарқұлов, В.Пакқа грамота,ақшалай сертификаттар және де бағалы сыйлықтар табысталды. Ардагерлердің барлығы сайыс нәтижесіне қарамастан, жақсы көңіл-күймен тарқасты.