Бүгін, 26 шілдеде Франция астанасы Парижде жазғы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады. Байрақты бәсекеге 200-ден аса елден 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Қазақстан туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова алып шығады. Бұл байрақты бәсекеде 79 қазақстандық спортшы сынға түседі. Олар спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады. Қазақстан осымен сегізінші рет жазғы Олимпиадаға қатысып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды іс-шара тарихи оқиғаларға толы болмақ.
Биылғы Олимпиаданың ашылу салтанаты тарихта алғаш рет ерекше форматта өтеді. Яғни, спортшылар шеруі әдеттегідей стадионда емес, әйгілі Сена өзенінде өтеді. Әр делегация шеруге жеке қайықпен шығады.
Шеруде спортшылар 6 шақырымдық қашықтықты басып өтіп, ресми рәсім өтетін Трокадерода аялдайды.
Іс-шараның көркемдік жетекшісі — театр режиссері Томас Жолли.
Ашылу салтанатына 3000 өнерпаз қатысады, сонымен қатар көрермендер Селин Дион мен Леди Гаганың өнерін тамашалай алады.
Қазақстан жанкүйерлері Олимпиаданың ашылу салтанатын сағат 22:30-да Qazaqstan, QAZSPORT, Jibek Joly және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париждегі Олимпиада ауылына барып, қазақ спортшыларымен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Кездесу барысында Ермек Маржықпаев пен Геннадий Головкин Қазақстан спортшыларының олимпиадалық ауылдағы жағдайымен танысты. Сондай-ақ олар спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы Олимпиадада табысты өнер көрсетуге тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасынан бірінші болып садақшылар жарыс жолына шыққан еді. 25 шілдеде өткен рейтингтік раундта Ильфат Абдуллин 663, Дәулеткелді Жаңбырбай 668, ал Александр Еременко 640 ұпай жинады.