Астана саммитіне Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келген меймандар мен БАҚ өкілдеріне күзде елордада өткелі отырған V дүниежүзілік көшпенділер ойындары таныстырылды.
Шетелдік делегаттар арасында Германия, Үндістан, Испания, Италия, Оңтүстік Корея, Ливан, Малайзия, Норвегия, Сербия және Чехиядан келген журналистер бар.
«Кеше Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитінде «Бейбітшілік және келісім сарайында» көшпенділер ойындарына арналған бұрыш ұйымдастырдық. Ол жерде сарапшылар, волонтерлер өз пікірін айтып, таныстырды. 100-ден астам шетелдік журналист болды, біз видеоролик көрсеттік. Шетелдік меймандарға көшпенділер ойындары туралы кітапшалар тараттық. Бүгін соның жалғасы, Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырып жатырмыз», — деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев БАҚ өкілдеріне сұхбат бере отырып.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы шетелдік меймандарға арнайы бағдарлама дайындаған.
Сондай-ақ, көшпенділер ойындарының ерекшелігін жеткізу мақсатында «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені ойындардың стилінде безендіріліп, ұлттық спорт түрлерінен қойылымдар қойылды.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтетіні былтыр қазанда белгілі болды.
Ал биыл наурызда алғашқы билет сатылды.
Айта кетейік, дүниежүзілік көшпенділер ойындары UNESCO қолдауымен өтеді.