Ұлттық жаңғыру. Архив құжаттарын сақтауда инновациялық технология қолдануда

169

Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің күндері өтті. Аталған дәстүрлі жобаның аясында Архивтің қызметкерлері өңірлеріндегі әріптестерімен өзара тәжірибе алмасты.

Іс-шара Талдықорған қаласының «Тіл сарайы» ғимаратында Президент Архивінің 30 жылдығына арналған тарихи-деректі көрменің ашылуымен басталды.  Бұл  көрмеде 1994 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві тарихы ұсынылды. Дәстүрлі жобаның серіктестері Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Жетісу облысының мемлекеттік архиві болды. Іс-шара аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылары мен мамандарының қатысуымен семинар ұйымдастырылды. Семинарда ҚР Президентінің Архиві директорының орынбасары Б.Шайлазымов және Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қ.Сүлейменов құттықтау сөз сөйледі. Тіл сарайы ғимараты кіреберісіне  қойылған көрме тарихи құнды мәліметтер мен  фотосуреттер  толы болғандықтан келушілер назарын аудартты.

 Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Шайлазымов Бақытхан   Жолдыбайұлының айтуынша, «Архив қызметкерлері ел игілігіндегі құндылықтарды аса байыппен сақтап, асыл мұралардың болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізілуі және олардың ұтымды пайдаланылуы мен барынша толық зерттелуі үшін қызмет атқарып келеді және архив саласының рөлі мен беделін арттыру-басты міндет».

Іс-шарада ҚР Президенті Архивінің Архив қорларын сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің аға сарапшысы М.Дүйсенбай архив құжаттарын сақтауда инновациялық технологияларды қолдану туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар Архив қорын қалыптастыру қызметінің бас маманы Ж. Зейнелов Президент Архивінің жинақтау көздері болып саналатын мекемелерде құжаттарды сақтаудың ведомстволық жағдайларын жақсарту туралы айтып берді. Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Б. Қасенов виртуалды архив көрмелерін құру тәжірибесімен бөлісті. Жетісу облысының мемлекеттік архивінің құжаттарды және ғылыми-анықтамалық аппаратты пайдалану бөлімінің меңгерушісі К.Қанапиянова Жетісу архивінің даму жолдарына тоқталып өтті. Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, баяндамашылар қатысушылардың  сұрақтарына жауап берді.  ҚР Архиві қызметкерлері дәстүрлі жобаны ұйымдастыруға атсалысқан Жетісу облысындағы әріптестеріне алғыс білдірді. Архившілердің келесі кәсіби кездесуі қазан айына жоспарланған. 1-4 қазан күндері Алматы қаласында архившілердің ІІ халықаралық Конгресі өтеді, онда Қазақстанның, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің архив мекемелерінің қызметкерлері бас қосады.

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз