«Мерейлі отбасы» байқауына өтінім қабылдануда

241

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына құжаттар қабылдау жүргізілуде. Конкурсқа өтінімдер 15 маусымға дейін қабылданады. Байқау отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған. Конкурсқа еңбек жолында, спорт, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар жанұялар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар қатыса алады. Осындай ақпаратпен Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде БАҚ өкілдерімен кездесуде облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков бөлісті.
«Биыл облыста ұлттық конкурсты ұйымдастыру және өткізу бойынша 5,6 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда жалпы саны 150-ге жуық өтініш келіп түсті. Конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша қатысады», — дейді басқарма басшысы.
Байқау екі кезеңде өтеді. 15 маусым мен 1 шілде күндері аудандық комиссия алынған ақпаратты жан-жақты тексеріп, екі отбасыны айқындап, облыстық комиссияға жібереді. Ал, 3-17 шілде аралығында облыстық комиссия отырысы өтіп, нәтижесі бойынша әр аудан, қаладан келген жанұялар арасынан жоғары ұпай жинаған 10 отбасыға қаржылай сыйлықтар беріледі.
Облыстық комиссия шешімімен жеңімпаздарға «Мерейлі отбасы» лауреаты атағы беріледі. Сонымен қатар, Отбасы күні жеңімпаздар салтанатты түрде диплом және ерекшелік белгісін тапсыратын марапаттау рәсіміне Астана қаласына жіберілетін болады.
Ескере кететін жайт, конкурсқа «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық деңгейдегі лауреаттары, қызметі ҚР аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін және бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды. Одан бөлек, құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда комиссия өтінім берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды отбасына қайтарады. Кейіннен ниет білдірген жанұя ұсынылған құжаттар қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде пысықталған өтінімді қайта өткізуі тиіс.
Айта кетейік, 2023 жылы облысымыздың намысын қорғап, отбасылық құндылықтарымен ерекше көзге түскен өнегелі Қайрановтар жанұясы жүлделі 1-орын иеленген болатын. Сондай-ақ басқа жанұялар 2-3-ші орындармен және ынталандыру сыйлықтармен марапатталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз