ЕГІЗДЕРДІҢ АРМАНЫ – ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫН КӨТЕРУ

580

Шекара қызметінде әскери қызметте жүрген егіздер көптеп кездеседі. Олар офицерлер, сержанттар, мерзімді әскери қызметшілер қатарында да жауынгерлік қызметті мінсіз атқарып жүр. Бүгінгі егіз кейіпкеріміз — сарбаздар.

         ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасы кәсіптік және техникалық дайындық бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері қатардағы жауынгерлер Азиз және Лазиз Ражеметовтер бір үйдің ұлдары. Отан алдындағы перзенттік парыздарын өтеуге Шымкент қаласынан қабылданған.

Азаматтық өмірде футболдан танымалдыққа ие болып үлгерген кейіпкерлеріміз бастауыш сыныпта оқып жүрген кезден-ақ спортпен шұғылданған. Әкелері Яшин Хадиметович – футбол ойынының жаттықтырушысы.

         «Әке көрген оқ жонар» демекші, егіз сарбаз да үшінші сыныптан бастап футбол секциясына қатысады. Ал бесінші сыныпта оқып жүрген кездерінде алғаш рет облыстық жарысқа қатысып, командалық бірінші орынды иеленген. Алтыншы сыныпта республикалық жарыстан екінші орынды, облыстан бірінші және екінші орындардан көрінеді. Ал жетінші сыныпта Қырғызстан Республикасында өткен Қазақстан, Қырғыстан, Тәжікстан мемлекеттерінің ең мықты деген командаларының арасында бірінші орынға табан тірейді. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кездерінде де олар ойын көрсететін «Локомотив» командасы халықаралық жарыста тағыда бірінші орынды жеңіп алады. Өздеріңіз байқағандай шекара сақшыларының өмірлері ерте жастан футбол алаңында өтеді.

         Қазақстан ішінде өткен ойындардың жеңімпазы атанған «Локомотив» командасының белсенді мүшесі атанған Азиз бен Лазиз ресупбликаның бес дүркін чемпионы. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, әрі әкесі, әрі жаттықтырушысы Яшин Ражеметовтің жолын қуған футболшылар.

         Егіз сарбаздың да арманы көп. Ең басты мақсаттары — қазақ елінің футболын әлем деңгейіндегі жұлдызы биік тұрған командалардың қатарына қосу. Ал қазіргі кездегі жоспарлары – Отан алдындағы борыштарын аброймен атқару. Шекара шебіне қылау түсірмей күзету ісіне белсене ат салысу.

         Біз де Алатаудай арманы бар егіз сарбазға, өмір жолдарыңыз даңғыл болсын деген тілек айтамыз!

         ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз