Жетісу облысында биылғы бес айда 24 жүргізуші сиыр мен жылқы қағып жол апатына түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 жағдайға көп. Шомылу маусымы басталар шақта аталған көрсеткіш көбейе түсуі мүмкін. Себебі Алакөл мен Балқашқа ағылған туристер есебінен күре жолда көлік қатынасы жиілейді. Қауіптің алдын алу үшін «Қазавтожол «ҰҚ» АҚ» Жетісу облыстық филиалына қарасты «ҚАЖСЕРВИС» ЖШС мамандары сақтық шараларын күшейтті. Нақтырақ айтқанда «Алматы-Өскемен» автомагистралінің бойында орналасқан шаруашылықтарға барып, қожалық иелерімен тілдесті. Оларға қолдағы төрт-түлікті қараусыз жібермеу қажеттігін ескертіп, жылқыларға жарық шағылыстыратын бау тағып берді.
«ҚАЖСЕРВИС» серіктестігінің мамандары бір айдың ішінде мұндай лентаның 200 данасын таратпақ. Өйткені мал қағу оқиғаларының көбі кешкісін немесе түнде болады екен. Жазатайым жағдайға жол бермеу үшін «Алматы-Өскемен» тас жолының шамамен 160 шақырымына қоршау орнатылды, — деді «ҚАЖСЕРВИС» ЖШС Жетісу облыстық филиалының бөлім басшысы Азамат Асылбаев. Көлік апатын болдырмауды мақсат еткен саладағылар енді жолдағы 100 мың жарық шағылыстыратын белгіні (катафот) ауыстыруды жоспарлап отыр.