Талды қаланың Бас жоспары

219

Ғалымдардың зерттеуі бойынша тарихы сонау V-VI ғасырлардан бастау алатын Жетісудың орталығы-Талдықорған қаласы да заман талабына сай дамып келеді. Жылдан жылға  халық көбейген сайын сұраныс, талап  күшейе түсуде.Осыны ескерген облыс,қала басшылары қаланың Бас жоспарын әзірлеуге тендер жариялап, оны «АТС Град» ЖШС ұтып алған болатын. Күні кеше ғана қаламыздың Бас жоспарын әзірлеу бойынша қоғамдық талқылау өткізіліп,маңызды кездесу барысында қаланы дамытудың ағымдағы және болашақ жобасы туралы айтылып, осы жобаны әзірлеуші авторларына жиналғандар тарапынан сауалдар қойылды.Қала жанашырлары шаһардың болашағына,әсіресе жол тораптары мен мәдени,әлеуметтік нысандарының орналасуына қызығушылықтарын танытып, ойларымен бөлісті.

Көкен Ерұлан Кенжебайұлы,«АТС Град»ЖШС-нің бас сәулетшісі, Талдықорған қаласының Бас жоспарының авторы:-Біздің жобалау ұйымымыз Атырау, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан т.б үлкен облыстардың Бас жоспарын әзірлеп, мол тәжірибе жинақтаған.Қазіргі таңда Талдықорған қаласының ,Қонаев қаласы мен Алматы қаласының шетіндегі үлкен елді-мекендерінің Бас жоспарын әзірлеуге қатысып жатырмыз.Сонымен қатар Атырау қаласының да егжей-тегжейлі құрылыс нысандары мен жер көлемдері ескерілген Бас жоспарын әзірлеудеміз. Мекемеміз 17 жыл бойы нарықта қызмет көрсетіп жүр. 70 адам еңбек етеді. Талдықорған қаласының Бас жоспарына жарияланған  өткен ашық тендерге қатысып, ресми түрде жерұйықты өлкенің бас қаласының заман ағымына сай болуы үшін еңбектенудеміз.Халықтың пікірін ескеру үшін осы қоғамдық тыңдауды өткізіп отырмыз.Бұл екінші қоғамдық тыңдау. Халық белсене қатысып, өздеріне қолайлы болуы үшін қажеттіліктерін айтуда. Біз осы Бас жоспарды Талдықорған қаласы мен қалаға қарасты 2 ауылдық округті және  шаһардың территориясындағы барлық саяжай қоғамдастықтарын  енгізе отырып әзірледік. Мәселен,қолданыстағы сыртқы көлік инфрақұрылымын (Өскемен-Алматы тас жолы) басты жоспарлау кіндігі (осі) ретінде пайдалана отырып,авто және темір жолмен біріктірілген  көлік торабын енгізіп,көлік-логистикалық орталықты қарастырдық.Осы сыртқы көлік инфрақұрылымын пайдалана отырып, халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнесті,туризмді,ауылшаруашылық құрылымдарын дамытуға т.б қаланың қауіпсіздігін жетілдіруге қатысты табиғи кедергілерді көпірлер,жол өтпелерін салу арқылы жаңғыртуға,кеңейтуге,қайта құрылымдауға баса назар аудардық.Негізгі көшелерді қайта жаңғырту,жасыл аумақтарды қайта  құру мен абаттандыру ісі де назарға алынды. Табиғи рельефі бар тау бөктеріндегі аймақты рекреациялық насындарды құруға пайдаландық.Олардың ішінде: тау соқпақтары  арқылы жаяу жүргінші , велосипед жолдары,экстремалды спорт түрлеріне арналған алаңдар,демалыс орындары,жағажай аймақтары,серуендеу жағалаулары мен саябақтар,су спортын дамытуға арналған нысандар құрылысы түгелдей ескерілген.Әкімшілік шекарасы 38 мың 676 гектар аумақты құрайтын әсем қаланың тұрғындары өмір сүруге оңтайлы жағдайларды толықтай ескердік деп ойлаймын. Талдықорғандықтардың сын-ескертпелерін тыңдауға әрқашан әзірміз.

  Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз