Жетісуға келген жұртты әуелі театр алдындағы хакім Абайдың асқақ ескерткіші қарсы алады. Зәулім ғимараттар, жаңа шағын аудандар, келелі кәсіпорындар жыл санап қаланың келбетін көркейтіп келеді. Биыл өнеркәсіп саласында 3 кәсіпорын іске қосылып, 2 өндірісті кеңейту жоспарланған. Қала әкімі Ернат Бәзіл қарашамен қатар жүріп, тұрғын үй мәселесін де тұрақтандырды.
Қазір облыс орталығына инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Шаһар басшысы аграрлы өңірге қаржы құям деген инвесторларға барынша көмектесуге әзір. Былтыр элеватор, жүн көрпе шығару цехы іске қосылды. «Алмаз Керамикс» керамикалық плиталарды шығару зауыты кеңейтілді. Нәтижесінде, 113 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, өңдеу өнеркәсібіне 9 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
«Стационарлық аккумуляторлық батареялар зауыты жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жақында іске қосылатын жобаның жалпы құны – 3,2 млрд теңге. Оған биыл 700 млн теңге инвестиция тартылады. Ең бастысы, 120 жұмыс орны құрылады. Былтыр бюджет қаражаты есебінен 1 км кәріз жүйесі мен 7,2 км электр желілері салынған, биыл 0,7 км газ желісін тарту жұмыстары жүргізіледі. Біз өндіріс саласына ерекше мән беріп отырмыз», дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Бүгінде қала индустриялық аймағының аумағында орналасқан 8 негізгі кәсіпорын бар. Атап айтсақ, «Best Изоляция» ЖШС, «Bars Technologies» ЖШС, «Талдықорған жолдары» ЖШС, «Аманат-Қазына» ЖШС, «Газспецнабюг» ЖШС, «Карамай» ЖШС, «Halyk Astyg Expo» ЖШС, «Жетісу-Май» ЖШС, «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС. Олардың бәрі бүгінде мыңдаған адамға жұмыс ұсынып, өңір экономикасының дамуына жол ашып отыр.
Кәсіпкерлердің көңілі тоқ
Қаланың шағын және орта бизнесінде 17 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Олар өткен жылы бюджетке 20,4 млрд теңге көлемінде түсім түсірген. Одан қалды 263,7 млрд теңгенің өнімі өңдірілген. Бүгінде аталған сала 37 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкерлерге ақпараттық-консультациялық көмек көрсету үшін палата жанында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы белсенді жұмыс істейді. Ол жерден 1 364 адам кеңес алып, 1 391 қызмет көрсетілген.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде былтыр 3,6 млрд теңгеге 182 жоба қамтылды. Оның ішінде 2,5 млрд теңгеге 96 жоба бойынша банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланса, 804,7 млн теңгеге 75 жобаға кепілдік берілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беру бойынша жалпы сомасы 45 млн теңгеге 9 жоба мақұлданды. Одан бөлек, 226,5 млн теңгеге 2 жоба бойынша инфрақұрылым жүргізілді», дейді Е.Бәзіл.
Сонымен қатар қала тұрғындарын қолжетімді бағамен тауар қамтамасыз ету мақсатында Еркін аулында, Көктал тұрғын ауданында екі әлеуметтік дүкен ашылған. Бұл дүкендерде әлеуметтік-маңызды тауарларының 18 атауы сатылады. Айта кетейік, облыста бизнес үшін электр энергиясына тарифтер төмендетілген еді. «Жетісу Энерготрейд» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңір бойынша департаментіне заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифті 1 кВт/сағатына 38,50 теңгеден 32,60 теңгеге азайтуға хабарлама берді. Бұл бастама 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.
Баспана жайы басты назарда
Тұрғын үйге кезекте тұрғандар саны 15 мыңнан асады. Мұнда халықтың әлеуметтік осал топтары, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, көпбалалы отбасылар және жетім балалар бар. Былтыр 149,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бюджет қаражаты есебінен Оңтүстік-Батыс ауданында 817 пәтерлі 20 несиелік тұрғын үй халыққа тапсырылды. Жеке құрылыс салушы компаниялар қаражаты есебінен 478 пәтерлі 11 үй, оның ішінде демеуші компаниялар есебінен 180 пәтерлі 3 үй иесін тапты.
«Ауданы 2,6 мың шаршы метр музыкалық колледж үшін 100 орынды жатақхана пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 63 тұрғын үй сатып алынды. «Жетісу жастары» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы 31 пәтер және апаттық үй тұрғындарына 32 пәтер берілді. Сонымен қатар кезекте тұрған 36 көпбалалы отбасына коттедж қалашығында пәтер кілтін табыстадық. Өткен жылы 1 747 отбасы баспана алды», дейді қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Айдос Жақыпбек.
Бүгінде бюджет қаражаты есебінен 693 пәтерге арналған 21 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен 226 пәтерлі 4 үйдің құрылысы басталған.
Көгілдір отын көп күттірген жоқ
Қалаға қарасты ауыл-аумақтарын дамытып, мәртебесін көтеру де назардан тыс қалмады. Әсіресе газбен толықтай қамту жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Мәселен, былтыр Үйтас саяжай қоғамы және Жастар-2 тұрғын үй ауданы табиғи газға қосылды. Ынтымақ аулында 113,5 км газ желісі тартылды. Биыл Мойнақ аулында 23,9 км газ желілерін салу жұмыстары басталады. Қазірге дейін 32 593 абонент көгілдір отынға қолжеткізген. Яки, қала маңайындағы елді мекендердің 90 пайызы газ желісімен қамтамасыз етілген.
«Өтенай ауылдық округінде Өтенай, Еңбек, Ынтымақ елді мекендерінде 16 көшені жарықтандырдық. Еңбек аулы Гагарин көшесіндегі саябақты орнату жұмыстары аяқталды. Биыл Өтенайда Жансүгіров көшесіндегі 1,7 км аллеяларды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Өтенай аулында көптен күткен дәрігерлік амбулатория салынады. Еркін аулында балаларға арналған футбол алаңы орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүреді. 150 орынды Мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді», дейді қала әкімі Е.Бәзіл.
Таза қала
Жақында «Жаңа Сана» ЖШС компаниясы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға арналған 8 жаңа техниканы таныстырды. Олар күзге дейін тағы 3 техника алуды жоспарлап отыр. Осыған дейін қала аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды бірнеше компания шығарып келсе, енді «Жаңа Сана» ЖШС толық қамтиды. Мекеменің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек алатындарға да жеңілдік қарастырған.
«Қалада 853 көпқабатты және 24,5 мың тұрғын үй бар. Біз солардың бәріне қызмет көрсетеміз. Бұл іске 300 млн теңге инвестиция құйдық. Жыл басында қала әкімдігімен 5 жылға келісімшартқа отырдық. Қазір жұмысқа толық дайынбыз. Сондай-ақ 40-тан аса қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», дейді «Жаңа Сана» ЖШС EcoAla филиалының директоры Бауыржан Қасымқан.
Сырттан келген қонақтар қаланың даму бағытына жоғары баға беріп жүр. Аграрлы өңір болашақта туризмнің бір тұтқасына айналмақ. Ал облыс орталығы саналған әсем Талдықорған – республика көлемінде жыл сайын таза қала мәртебесіне ие болып келе жатқан бірден-бір шаһар.
Мұхтар КҮМІСБЕК