ШУАҚ ШАШҚАН ШАҢЫРАҚТАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ҒҰМЫР

155

Еліміз бойынша 2024 жылдың 15 мамыры мен 15 маусымы аралығында дәстүрлі «Мерейлі отбасы — 2024» ұлттық конкурсына қатысуға өтінім қабылдау жалғасуда. Аталмыш конкурс адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Талдықорған қаласында еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік салада, ғылымда жоғары жетістіктерге жеткен отбасылар қатары өте көп. Әділ Тарпанбаев пен Кенжегүл Тұмарбайқызы да осындай үлгілі отбасылардың қатарында.

Армандарын арқалаған екі жас 1978 жылы Талдықорған қаласында шаңырақ көтеріп, еңбек жолын бірі — құрылыс, екіншісі — көлік саласынан бастаған еді. Өмір белестерін таразыласақ, Әділ Тарпанбайұлы 1973 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста міндетін байланысшы болып атқарды. Отан алдындағы борышын өтеп келген жастың әу басында таңдаған мамандығы-дәне-керлеуші болатын. Мамандығын асқан ыждағаттылықпен меңгерген азамат бойындағы әр іске зор жауапкершілікпен қарайтын қасиетінің арқасында темірден түйін түйе білетін дәрежеге жетіп, күшін құрылысы қызу жүріп жатқан қалада сынағысы келді. Алайда, жас жігітке бірден кірпіш қалаушы болуға ұсыныс түсті. Жұмысына құлшына кіріскен құрыш қолды құрылысшы қолтаңбасын қаламыздың көптеген балабақшалары мен мектептерінде, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қосымша ғима-раттарында, жатақханасында, спорт ке-шендерінде, тұрғын үйлерінде қалдырды. Ол өзі қатысқан құрылыс нысандары жайында балалары мен немерелеріне шаһарды аралаған сайын айтып отырады. Сол жылдарға көз жүгіртіп, еселі еңбегін елеп, жыл сайын жоғары марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ұсынған «СМУ-47» құрылыс мекемесінің басшылары: Н.И.Сидельников, В.Есютин, А.Водянов, «Казкоопстроймонтаж» басшысы У.Күзембаев, Трест «Талдыкурганпромстрой» басшылары М.Тулепов, В.Недушенко, Б.Тәкеновты және т.б. азаматтарды құрметпен тебірене еске алады. Несібесін іздеген талай жанға байыпты бағыт беріп, кәсібін тұрақтандыруға да келелі кеңесін аямайды. Әділ тәрбиелеген құрылысшылардың алды «ата» атанып, өздері де үйренген-білгендерін кейінгі ұрпаққа дарытуда. Жақсы салған іздер жылдар өте айқын-дала түскендей. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. «Ұзақ жылдар бойы белсенді еңбегімен социалистік жарыстағы жоғары көрсеткіштеріңіз үшін құрылысшылар күніне байланысты халық депутаттары облыстық Советінің атқару комитеті 1981 жылғы 6 августағы шешімімен Сізді осы гармотамен наградтады» деген жазуы бар марапатын өзге де марапаттарынан бөлектеп, үнемі мақтанышпен айтып отырады. Себебі, ондай марапатқа сол кезеңде үздіктің үздігі ғана ие болатын еді. Ал, Әділ Тарпанбайұлы құрылысшылар қатысатын барлық байқауларда Талдықорған қаласының намысын қорғап, үнемі бірінші орынды иеленетін. Кісі бойындай фотосуреті сол кездегі Орталық саябақтың «Құрмет тақтасынан» сан жылдар бойы түскен емес. Кірпіш қалаушыдан құрылыс шебері, прораб қызметіне дейін көтерілген азаматқа еселі еңбегі үшін қала, облыс басшылары тарапынан кезексіз автокөлік, Волгоград, Москва, Астрахань т.б. қалаларға жолдама беріліп, денсаулықтарын шыңдауға да мүмкіндік туған еді. Сонымен қатар, әуелгі баспаналары «жанұялық жатақхананы» да құрылыс мекемесі тарапынан алды. «Бір бөлме болса да, өзімізге хан сарайындай көрінетін шаңырағымыздан туған-туыстар дәм татып, аралас-құраластығымыз үзіл-мейтін. Қонақпен бірге құт-береке кіреді деген рас сөз-ау, дастарқанымыздан дәміміз, ойын-күлкіміз толастаған емес»,-деп еске алады. Отбасы мүшелерінің қатары көбейген сайын пәтерлерінің бөлмелері де ұлғайып (ол уақытта оған аса зор мән берілетін), 1991-ші жылы «Тұрғын үй – 91» бағдарламасымен «Мүшелтой» шағын ауданындағы (қазір тұрып жатқан) 4 бөлмелі үйге қол жеткізді. Отағасының сөзін растаған Кенжегүл Тұмарбайқызы отбасы құндылығының кілті – әр адамның пейіліне байланысты болатынын айтып, ұлдарының-ұлықты, келіндерінің-баталы, немерелерінің-саналы, тәрбиелі болып өсуін сыйластықта болған адамдардың алғысының жемісі деп түсінеді. 1972-ші жылы орта мектепті Көпбірлік ауылынан тәмамдап, Алматы қаласындағы ауылшаруашылығы техникумынан бухгалтерлік мамандықты меңгерген Кенжегүл Тұмарбайқызы 1978 жылы Талдықорған қаласындағы автовокзалға жұмыс іздеп келеді. Мекеменің сол кездегі басшысы Дүйсембінов Әскерхан Молдағалиұлының қызметке қабылдауымен бухгалтер болып орналасып, әлі күнге жұмысын жалғастыруда. 46 жылдан астам уақыт бойы бір мекемеде тапжылмастан еңбек етіп келе жатқан жанның мерейі үстем. Мекеменің басшысы Қабдіраш Бачеевпен көп жылдар бойы үзеңгілес болды. Ол кісінің тұяғы – Дәулет Қабдырашұлы «Әке көрген оқ жонар» демекші, автовокзал тізгінін өз қолына алғанда Кенжегүл Тұмарбайқызына сенім артып, жұмысын әрі қарай атқаруды ұсынды. Әріптестерінің алғысын арқалаумен қатар көлік саласындағы зор жетістігі мен қажырлы еңбегі еленіп, үнемі жоғары марапаттарға ие болып келеді. Кеудесінде Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен тағайындалған «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған текті қасиеті «Ер жігіттің алған жары жақсы болса, мың бақыт» дегендей, аяулы жар, щаңырақтың берекесі, ұйытқысы, ағайын-туыстың сыйластық қазығы атандырды. Алла жақсы жұмыстан да, өмірдің жалғасы болар перзенттен де кенде қылмады. Бойына асыл қасиеттерді жинақтаған Әділ мен Кенжегүлдің ізін ұрпақтары Асқар мен Айдар жалғастырып келеді. Бірі – кәсіпкерлік саласында жетістіктерін танытып жүрсе, екіншісі-банк қызметкері. Келіндері – Ақерке мен Динара да жеке бизнестерін дөңгелетіп, отбасының ұйытқысы болып, шаңырақтарын шаттыққа бөлеп жүр. Олардан өскен ұрпаққа аталары мен әжелерінің қарым-қабілетін, елжандылық, туысқа жанашарлық қасиеттерін берсін деп тілейік. Қазіргі таңда немерелердің жетістіктерін тізіп шықсақ, Асқар балалары Ғалым мен Аяулым С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері болса, басқа да немерелері спортта, білімде үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Берекелі отбасының мерейі әрдайым үстем, қуаныш, құрметке толы болғай!

Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз