ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарда қызмет көрсету сапасына шағымдар бойынша түсінік берді.
«Денсаулық сақтау министрлігі өзінің бақылау функциялары аясында, сондай-ақ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы бақылау мен мониторингті жүзеге асырады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде медициналық қызметтердің тәртібін, стандарттарын және оның сапасыз көрсетілгені үшін, сондай-ақ ТМККК және МӘМС аясында медициналық көмекті ақылы негізде көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Азаматтар Қордың филиалына немесе ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесіне медициналық ұйымды, емдеуші дәрігерді көрсете отырып, сапасыз медициналық көмек көрсету фактісі бойынша жүгінуге құқылы.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі бар. Мәселені шешуді талап ететін түрлі жағдайлар туындаған кезде, медициналық сапа бойынша қызметтік тергеу жүргізуге және пациенттің құқықтары бұзылған жағдайда шаралар қабылдау үшін осы қызметтерге жүгінуге болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгініп, өз құқығын қорғайтын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Олардың арыз-шағымына келер болсақ, былтыр 1414 бірыңғай байланыс орталығына, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына және Қордың fms.kz сайтына 26 мыңнан астам өтініш-шағым келіп түскен. Бұған кеңес алу да кіреді. Көп кездесетін сұрақтардың қатарында медициналық көмекті сапалы көрсетпеу, медициналық көмек көрсетуден бас тарту, дәрі-дәрмектерді беруден бас тарту, жалған жазбалар, МӘМС аясында көрсетілетін қызметтер бойынша кеңес беру бар. Қор мамандары келіп түскен өтініштер мен шағымдарды жеке-жеке қарайды және шешімін жүгінген азаматқа жолдайды. Қажет болған жағдайларда, жоспардан тыс мониторинг жасалады. Оның нәтижелері бойынша фактілер расталса, экономикалық ықпал ету шаралары қабылданады», — деп аталып өткен Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратында.