Мамыр айы басталғалы шекарашы сарбаздардың бірқатары жоғары оқу орындарының грант иегері атануда. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті хабарлайды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында мерзімді әскери қызметін өткерген қатардағы жауынгер Айбек Жәлел мемлекеттікі грант иегері атанды Әскери қызметте жақсы білімімен ерекшелене білген сарбаз Орал қаласында орналасқан оқу орындарының бірінің студенті болды. Қолына сертификаты тиген қуанышын жасыра алмады.
-Әскерге дейін Талдықорған агротехникалық колледжінің «Мал дәрігері» мамандығын тәмамдаған едім. Міне, жоғары оқу орнына да түсуге мүмкіндік алып отырмын. Менен бұрын ата-анам қатты қуанды. Әскери бағдарламамен грант ұтып алу да оңай болған жоқ. Жыл бойы емтиханға жіті дайындалуға тырыстым. Азаматтық тұлға ретінде жоғары оқу орнына тапсырғанда тек қана ҰБТ тестілеуінен жақсы балл жинасаң болғаны. Ал әскери өмірде сабаққа жақсы болумен қатар, спортта да алда болу керек. Белтемірге тартылып, жүгірудің нормативтерін талапқа сай орындау қажет. Дайындығымның арқасында мен мұндай сынақтардан сүрінбей өттім. Грантқа үміттенген барлық сарбаздарға сәттілік тілеймін! – дейді Айбек Қажымханбекұлы.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші, оқуға түсуді арман еткен Айбек сынды сарбаздардың әрқашан да бағы жанып, мемлекеттік грант иегері атануларына тілектеспіз!