Талдықорған Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 2023-2024 оқу жылында атқарылған шаралар, ағымдағы жылғы көктемгі суару жұмыстары, фитосанитариялық жағдай, жусан жапырақты рагвидпен күрес және өзге де түрлі тақырыптағы мәселелер қаралып, талқыланды.
Қалалық білім бөлімі басшысының м.а Шынар Жүсіпқызы мен бас маман Ғалым Құджақов, «Талдықорған қаласының ауыл шаруашылық бөлімі» ММ басшысы Абзал Зейнулда, Талдықорған қаласы аумақтық инспекциясы басшысының м.а Алмас Ақылбеков баяндама жасап, өзекті мәселелермен бөлісті. Кеңес мүшелері каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру барысында бірқатар олқылықтар бар екендігін баса айтты. «Балалардың жазғы демалысы бүгін шешілетін мәселе емес. Бұл мемлекеттік деңгейде көтерілуі тиіс. Себебі қала маңындағы лагерьдің барлығы дерлік жекеменшік, ақылы түрде. Сондықтан біздің балалар мұражай, театр, концертке барумен шектеліп жатыр. Конкурстық деңгейде мәселе шешімін тапқанша, тиісті қаражат бөлінгенше маусым да аяқталады. Біз құзырлы органға өз тарапымыздан ұсынысымызды білдіруге даярмыз»-деді.