Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз». Иә, бүгінгі таңда жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, адами қасиеті мол шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу – басты миссия. Олардың қоғамдағы белсенділігі мен мәдени әлеуетін арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, шығармашылықтарын шыңдаудың маңызы зор. Сапалы білім беру – үлкен жетістік, яғни, тұтас елдің дамуы. Ел ертеңі саналар жастардың маңызды қадамдары, болашаққа деген батыл бастамалары мектеп қабырғасында, арнаулы оқу орнында қалыптасары анық. Қаламызда түрлі салада жетістікке жетіп, өзге жасөспірімдерге үлгі боларлық «көзі ашық, көкірегі ояу» таланттар қатары артуда. Ізденіс пен талпынысты жанына серік еткен олар озық ой, тынымсыз әрекет, жүйелі жұмыс нәтижесінде «Үздік» деп танылды.
Үздік оқушы
Ерасыл Нұрлан Nº14 орта мектеп-гимназиясының 7 «в» сыныбын үздік тәмамдады. Өнерге жақындығы бар. Актерлік шеберлігі басым, өлең оқуға деген қызығушылығы зор. Ы.Алтынсариннің 100 жылдығына арналған «Ұлы мұра» атты республикалық мәнерлеп оқу, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сайыс, «Жыр патшасы — Жамбыл» республикалық өнер, «Әлем таныған ұлы Абай» атты халықаралық шығармашылық байқауларының жеңімпазы.
Сонымен қатар, спортқа да бейім. Өзіне таңсық заттарды зерттеп, ол жайында ақпарат жинақтайды. Жаратылыстану, тарих, химия, қазақ тілі, орыс тілі пәндерін жақсы көреді. Сынып жетекшісі Майя Саниқызы шәкіртімен үнемі мақтанып отырады. Ерасыл каратэ шинкиокушинкай көк белбеу иегері. Шинкиокушинкай каратэден әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мерей Сүйіновтың шәкірті. Сэнсэйінің айтуынша Ерасыл өте төзімді, ұғымтал, кез келген адаммен тіл табыса алатын бала. Мектепішілік жарыстар мен олимпиадаларына қатысып, жүлделі орын алған. 2022 жылдан бастап «Oalan.kz» математикалық онлайн мектебінің үздік оқушысы. Бүгінгі таңда «Жас тілші» тележобасының белсенді мүшесі. Алдағы уақытта ата-анасы тәрізді журналистика мамандығының кәсіби шебері болу мақсатында жан-жақты дамуда. Ерасыл астрономия, география және тарих ғылымдары жайында ізденгенді, әсіресе ғарыш әлеміне терең үңілгенді ұнатады. Астрономия пәніне жасынан ерте қызығып, зерттеп, ақпарат қорын байытып келеді. Сағаттар бойы тарихи оқиғалар жайында диалог құрып, талқыға салады. Бейнелеу өнерінің графика жанрымен шұғылданады. Денсаулығын нығайтып, физикалық әлеуетін нығайту үшін жүзумен айналысады. Болашақта әлемге танымал журналист, ғалым атанып, грек-рим күресінен спорт шебері болуды армандайды. Ерасыл Жарқынұлы Қызылорда қаласы «EVEREST» баспа үйінің ұйымдастыруымен әр облыстың талантты ұл-қыздары, мектеп мақтаныштары жинақталған «Ұлағатты ұрпақ» атты кітабына еніп, «Жыл үздігі — 2024» төсбелгісімен марапатталды. Аталмыш энциклопедия ата-анасының, ұстаздарының, оқу ордасының ғана емес күллі қазақ елінің мақтанышына айналған дарынды ұл-қыздар жайлы жинақ. Білім нәрімен сусындап, спортпен айналысып, өнерімен өрге жүзіп жүрген Ерасыл Нұрлан бүгінгі таңда республика бойынша 100 дарынды балалар қатарында.
Үздік студент
«Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды республикамыздың жастары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақстанның үздік студенті» байқауы өткен болатын. Ғылым, өнер, спорт саласында, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жетістікке жеткен студенттердің бас қосқан аламанында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 3-курс білімгері Ербол Смағұл топ жарып, 100 үздік студенттің қатарына қосылды.
Дарынды жас бұған дейін ТМД елдері бойынша үздік студент атанып, оқу орнының мерейін асырған еді. Осылайша білім ордасының ғана емес, ел мақтанышына айналды. «Менің ойымша, аудиториядан алшақтап, қызық қуған студенттен болашақта білікті маман шығуы екіталай. Сондықтан арман жетегінде келген албырт шақтағы қайталанбас сәтті барынша ұтымды пайдалануға тиіспіз. Жетекшім Лаура Хайролдайқызының ерен еңбегінің нәтижесінде сабақ үлгеріміміз жақсы, ғылыми жобалармен де айналысып жүрміз. Жетістіктеріміз «Бөбек» Жалпыұлттық қозғалысы қауымдастығы» нысанында заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғылыми-білім беру мекемелері арасындағы халықаралық журналына жарияланды. Өзге де білімгерлермен бірлесе жасаған «Ағынды суларды тазарту үшін табиғи сорбенттердің модификацияланған кешенін пайдалану» ғылыми туындысы авторлық құқыққа ие болып, алдағы уақытта жарық көрмек. Мендегі негізгі басымдық білім-ғылымға қойылғандығын түсіндім. Марапат кештеріне барғанда өзім тәрізді жастармен сұхбаттасу барысында қай тұста белсенділікті арттыру қажет екенін байқадым. Ендігі меже – университетішілік, қоғамдық шараларға белсене қатысып, ортақ іске өз үлесімді қосу. Мен үшін үздік болу маңызды емес. Ең бастысы – адам болып өмірге келіп, адами жолдан аттамай ғұмыр кешу. Аманат ретінде арқалаған мамандығыма адал болу. Ұстаздық жолда еңбек ету, шәкірт тәрбиелеу мен үшін жан рахаты. Іс тәжірибеден өту барысында түсінгенім осы жолды таңдаған маман жан-жақты ізденіп, үнемі өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Сабақты белгілі бір ережелермен емес, еркіндікте, қызықтыра отыра түсіндіру қажет. «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады». Оқуымды тәмамдағаннан кейін оқу-ағарту ісіне көңіл бөліп, яғни, ғылыммен айналысып, сонымен қатар ұстаздық жолымды да қатар жалғастырсам деген ниетім бар».
Мектеп барысы
Исажан Бақытбек №12 орта мектеп-гимназиясының 10 «а» сыныбында оқиды. Бірнеше облыстық, республикалық түрлі олимпиадалар мен турнирлердің жүлдегері. Өткен жылы қазақша күрес пен дзюдодан спорт шеберін қорғады. Кейіпкеріміздің спорттық жолында тың серпін берген бастамалардың бірі – «Мектеп барысы» жобасы. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары қойып, қазақ күресін дамытуды мақсат еткен аталмыш сайыс ел аумағында биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Исажан Сырымұлы тартысқа толы доданың аймақ бойынша тұңғыш жеңімпазы.
-«Негізі әкем спортқа өте бейім. Сондықтан мені 6 жасымнан спорт үйірмесіне берді. Күреске бармас бұрын денемнің дұрыс қалыптасуы үшін 1 жыл гимнастикаға қатыстым. Әкем «Жастар» спорт сарайындағы дзюдо секциясына Амангелді Сатыбалдинов ағайыма баптауға апарды. Сол 10 жасымнан бастап осы дзюдомен тұрақты айналысып келемін. Салмаққа келетін болсақ, арнайы диеталар ұстанбаймын, тамақтануда аса көп шектеулер қоймаймын. Дәстүрлі өзіміздің күнделікті тағамдармен тамақтанамын. Қосымша дәрумендер қабылдаймын. Жаттығулар мен жарыстардың мектептегі сабағыма еш кедергісі жоқ. Әрине, қай салада болмасын әуелі білім керек. Сондықтан үлгеріп, спортты да оқуды да қатар алып жүруге тырысамын. Арасында жарыстарға арнайы рұқсатпен сабақтан босатылып, еліміздің өзге аймақтарына барып қатысып жүрмін. Амангелді ағайым өз баласындай көріп, маған жақсы сабақ, тәлім-тәрбие беріп келеді. Сонымен қатар бүгінгі күні жасөспірімдерді дайындайтын бапкер Ербол Алдухан ағайымнан да сабақ алып жүрмін. «Мектеп барысы» жобасының жеңімпазы болуым осы екі бапкердің берген сабақтарының нәтижесі деп білемін. Ағайларыма алғысым шексіз. Өзімнің сынып жетекшім Айнұр Бауыржанқызының және барша ұстаздарымның арқасында сабақ үлгерімім жақсы. Жарысқа кеткен кезде өткен сабақтарды түсіндіріп, қалып қойған бағдарламалар бойынша қосымша сабақтар жүргізіп, маған әрқашан қолдау көрсетеді.
«Мектеп барысы» жобасына тоқталатын болсақ, жобаға мектеп атынан қатысу мен үшін үлкен құрмет болды. Жобаға қатысуға мектеп оқушыларының ішінен мені ұсынған дене шынықтыру пәні мұғалімі Асылсейіт Сламжанов ағайдың, мектебімнің де сенімін ақтап шығуға барынша тырыстым. Жоба өте керемет, жақсы ұйымдастырылған. Әр палуан лақап атымен шығып, керемет бір есте қаларлықтай көрініс болды. Менің лақап атым «Иса батыр» деп аталуының себебі, арғы атамның есімі Иса болған. Сол кісінің құрметіне мені Исажан деп атағаннан кейін, осы жарыста бабамның әруағы әрқашан қолдап жүрсе екен деген наныммен алаңға «Иса батыр» деп шықтым. Екі апта бойы жобаға қатысушыларды түрлі спорт шараларына қатыстырып, бір-бірімізбен таныстырып, өте қызықты дода өтті. Мықты, шебер қарсыластарым да болды. Олардың дайындықтарын, шеберліктерін құрметтеймін. Алдағы уақытта «Мектеп барысы» титулына ие болуға көп мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Спортта қанша уақыт жүрсем де әр жарыстың алдында қобалжу болып тұрады. Бұл жарыста әр балуан барлық күш-жігерін, шеберлік техникалары мен білімдерін салып, ашық күрес алаңында ақтық мәреде жеңіске жеттім. Жеңіске жетуім ең бірінші Алланың, одан кейін ата-анамның және жанымдағы қолдау көрсетіп жүрген барлық жақын жандарымның арқасы деп білемін. Бұл жеңіс мен үшін үлкен жеңістердің бірі болды. Себебі, өз туған қаламда тұңғыш ұйымдастырылып отырған жаңа жобаның алғашқы жеңімпазы болу мен үшін баға жетпес жүлде. Бұған дейін де талай жарыстарда жеңімпаз болып жүрсем де бұндай халықтың, көпшіліктің назарында болмап едім. Сол жағы ерекше бір қуаныш, сөзбен жеткізе алмайтын сезім сыйлады. Жалпы бала күнімнен елімнің көк байрағын жеңіс туын шетелде желбіретіп көтерсем деген арманым бар еді. Осы жобадағы жеңісім арманыма деген алғашқы қадамдарымның бірі секілді. Енді осы қалпымнан таймай, күнделікті жаттығуларымды жалғастырып, облыстық , республикалық деңгейдегі барыс атану — алдағы мақсатым. Менің жеңісім – туған елімнің жеңісі. Барлықтарыңыздың қолдауларыңызға алғысым шексіз. «Иса батырларыңыз» әрқашан Сіздерді тек жеңіспен қуантып жүре берсін».