Талдықорғанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, даңқты жерлесіміз, Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, бір сәт үнсіздікпен еске алды. Бұл зұлматты күн ХХ ғасырдың тарихи шежіресінің ең ауыр кезеңдерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға, рухына тағзым етуге арналған.
Тағылымды шараның шымылдығын Жетісу облыстық ардгерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт ашып, бұл күні сол нәубет жылдары елі мен жері үшін жанын қиған қазақ зиялы қауымдарының рухына тағзым етіп, олардың біздерге қалдырған мол мұрасын одан әрі тереңірек дәріптеу керектігіне тоқталды. Болашақ үшін жандарын қиған Алаш азаматтары келекшекке үмітпен қарады. Өз халқына деген адалдықтың рухы биік, адамдықтың үлгісін көрсеткен тұлғаларды ұмытпауға тиіспіз. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арыстарымыз есімі- халқымыздың мәңгі есінде сақталады.
Сондай-ақ, жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров, қала әкімінің орынбасары Ж. Андабеков, Ақ жол» ҚДП Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ермек Егінбаев және қала ардагерлері мен жастары қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елан Бияқметұлы, ел үшін жанын құрбан еткен арыстарды ардақтап, олар туралы жастардың санасына сіңдіру керектігін айтып өтті. Сапар барысында депутат күні кеше жазықсыз қудалау көріп, жазаланған Алаш арысы Базарбай Маметовтің басына барып зиярат етіп қайтыпты.
Бүгінде ұлт зиялыларының есімдері, қазақ үшін жасаған өлмес мұрасын, олардың жүріп өткен сара жолдарын насихаттауда жүйелі түрде жұмыс атқарылуда. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазықсыз сотталды, 25 мың адам өлім жазасына кесілді.
Қуғын-сүргін жылдары Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам Қазақстанға жер аударылды. Аман қалғандар қазақ жерінен пана тауып, қазақ жері олар үшін жаңа Отан атанды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде қайғылы жағдайдың құрбандарын еске алу мақсатында мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынды. Мыңдаған қазақстандық ақталды. Саяси және құқықтық тұрғыдан ақтаудың жаңа заңнамалық тәсілдері енгізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жалғастыруда.