Мәдениет – ұлттың қуаты. Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы. Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Мәдениетті ел, өнері өркендеген қоғам әр уақытта алға дамиды. Төл өнеріміздің кеңінен қанат жайып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына өнерпаздардың қосар үлесі зор екендігі ақиқат. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтіп, құрмет көрсетілді.
Сала қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады: «Мәдениет – қоғамның рухани қозғаушы күші, халықтың ортақ игілігі. Кез келген ұлт ең алдымен өзінің төл тарихымен, дәстүр-салтымен, өркенді өнерімен әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі бола алады. Бұл орайда Жетісу сан ғасырлық тарихында өзінің бай мәдени мұрасымен мақтана алады. Осы рухани сабақтастықты үзбей, жаңа заманға сай дамыту үшін біз бұл салаға барынша қолдау көрсетіп келеміз. Мәселен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының биылғы бюджеті 15 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Осы салада еңбек ететін қызметкерлер саны 2100-ден асады. Өткен жылы Қаратал ауданы Кәлпе ауылдық мәдениет үйі, Қаратал тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілді. Ондаған нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, шалғай ауылдардағы мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда»-деп алдағы жоспарлармен бөлісті. Биыл М.Тынышпаевтың 145, Пышан Жәлмендеұлының 140, І.Жансүгіровтің 130, Ә.Қастеевтің 120 жылдықтары аясында қайраткерлердің өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталмақ. Қазақ бейнелеу өнерінің атасы саналған Әбілхан Қастеевтің бюсті орнатылады.
Жиын барысында бірқатар қызметкерге Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері, «Құрмет» грамотасы табысталды. Сондай-ақ «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері», «Үздік аспапшы», «Үздік дәстүрлі әнші», «Үздік әнші», «Үздік биші», «Үздік театр артисі», «Үздік музей қызметкері», «Үздік кітапхана қызметкері» номинацияларының жеңімпаздары анықталды. «Үздік халық театры» атағын Көксу аудандық мәдениет үйінің Мұқыры халық театры, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым» аталымын «Алтын дән» халықтық ән-би ансамблі, «Үздік музей» атағын Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейі, «Үздік кітапхана» Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, «Үздік мәдениет үйі» номинациясының иегері Алакөл ауданы Қабанбай ауылдық мәдениет үйі деп танылды. Ал Жетісу облысының «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» ретінде облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармония ұжымы лайық деп танылып, жеңіл автокөлік сыйға тартылды.