Мақсат – ел игілігіне қызмет ету

162

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырып, қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізу керектігін баса айтқан болатын. Осылайша көктем келісімен барша отандасымыз экологиялық акцияға үлес қосып, туған жерді көркейтуге атсалысты. «Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе. Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Ең алдымен Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни, халық үшін керек»-деген еді өз сөзінде.

Талдықорған қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаттарының облыс орталығын абаттандыру, көгалдандыру және 2024-2025 жылдарға арналған жаңа жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша көшпелі жиналысы өтті. Бұл жұмыстардың қазіргі таңда қалай жүзеге асырылуымен олар Орталық саябақта, Қаратал өзенінің жағасындағы жағалауда, Алдабергенов пен Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы «Басқуат» жылу желісінің екі учаскесінде,  «Жұлдыз» әскери қалашығында, «Шығыс» шағын ауданында танысты. Депутаттар әр учаскені аралап, кеткен кемшіліктерді көрсетіп, олардың жойылуын талап етті. Талдықорған қалалық мәслихат төрағасы Темірболат Ахажан «Биыл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза  Қазақстан» экологиялық акциясына бастамашы болды. Ауқымды бағдарлама қоқыстарды жинауды, жасыл аумақтарды абаттандыруды және жаңа ағаштарды отырғызуды қамтиды. Акцияның басты мақсаты — қала тұрғындары үшін жайлы және экологиялық таза орта құру. Талдықорған қаласы мәслихатының кезекті 14 сессиясы қала бюджетін бекіту кезінде «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» ,  «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету»  бағдарламалары және  арық желісін ағымдағы жөндеу жұмыстары сынды мәселелерге басымдық берді.  Бұл мәселелер қалалық мәслихат депутаттарының тұрақты комиссияларының жұмыс жоспарына сәйкес қаралады. Бүгін біз осы жұмыстардың барысымен танысып, кемшіліктерді ескереміз. Қала тұрғындары Талдықорған қаласының таза әрі жасыл болғанын, бізді өзінің сұлулығымен және таза ауасымен қуантқанын тілейді». Мәслихат депутаттары абаттандыру жұмыстарынан кеткен бірқатар кемшіліктерді анықтады. Балалардың ойын алаңдарын жаңарту, ағаштарды суару, аула ішіндегі жолдарды жөндеу, қоқыстан тазарту сынды бастамалардың орындалу барысын талқылады. Көшпелі жиын барысында қалалық мәслихат депутаты Мұхтар Ерденов «Жұлдыз» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрғындардың басқосуын ұйымдастырды. 2020 жылдан бастап тұрғындар аула ішінің жолын жөндеуді талап етуде. Халық өкілі өз округі бойынша сайлаушыларының талабын жауапты сала мамандарына жолдаған. Бұл ретте Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков өткен жылы тұрғын үйдің ауласына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Алайда, аталмыш аймаққа ағымдағы емес  күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі туралы шешім қабылданып, ол конкурстық негізде өтетінін жеткізді. Қазір дайындалып жатқан жоба шамамен  2025 жылы жүзеге аса бастайды. Себебі,  сараптама нәтижесі біршама уақытты қажет етеді.

«Ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады, бірақ кейін тиісті күтім жасалмайды немесе кеш басталады. Көпшілік жиналатын қоғамдық орындар мен үй маңындағы аумақтардың жағдайы  проблема тудырарлық. Балалар ойын алаңдарының барлығы сапасы сын көтерерлік, қауіптілігі жоқ деп айта алмаймыз. Саябақтарды жыл сайын жаңартып, көркейту жұмыстары жүргізілуі шарт». Бұл қала тұрғындарының пікірі. Алаңдауға негіз де бар. Рейдтік шара барысында ойын алаңдарындағы әткеншектердің, сырғанақтардың,  жабындардың тозығы жеткеніне қарамастан қолданыста екендігін көрдік. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес  елімізде «Балалар ойын алаңдары жабдықтарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент қабылданған. Яғни, жабдықты  және жабынды іске қосу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Осы құжатқа сәйкес, ойын алаңының иесі қауіпсіздікке жауапты әрі олардың жұмысқа жарамдылығын қамтамасыз етуі керек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, ойын алаңдарын пайдалану сатысында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып  жергілікті атқарушы орган тағайындалған. Халық қалаулылары аталмыш нормалардың сақталмауы жөнінде жауапты тұлғаларға жеткізіп, жұмыс барысын қадағалауда ұстайтындықтарын баса айтты. «Қаратал жағалауы баршаңызға белгілі қаламыздағы көрікті орындардың бірі. Өткен жылы халық тарапынан наразылық туындады. Қоғамдық әжетхана, жасыл желектерді суару, ойын алаңдарына қатысты олқылықтарын жеткізген болатын. Мемлекеттік сатып алу уақытты қажет етеді. Биылғы жылы әкімдік  жақсы бастаманы қолға алды. Сенімді өкілге жұмысты бірден 5 жыл бойы атқару тапсырылуда. Қаламыздың көрікті әрі жайлы болуы әр тұрғын үшін маңызды. Алайда демалыс орнындағы қоршауларды жиі бұзып, ұрлап жатады. Бұл біздің атамекеніміз, оны баршамыз қорғауымыз керек»-деді Роза Ақжаркенова.

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында тұрғындар саны жылдан-жылға артып келеді. Түрлі мемлекеттік және өзге де бағдарламалар аясында көппәтерлі тұрғын үйлер саны да  өсуде. Сәйкесінше бұл тұста қаланың инфрақұрылымына, атап айтқанда жылыту жүйелеріне жүктеменің артуына алып келуде. Депутаттардың айтуынша жыл сайын мәслихат отырыстарында қаланы жылытуға қатысты мәселе жиі көтеріледі. Анарбек Монголханұлы, «Экономика, қаржы мәселелері және бюджет» жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы: «Қаламыздың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті былтырғы жылдың желтоқсан айының 27-сі күні кезекті 14 сессиясымен бекітілген болатын. Соның ішінде, «Отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану» функционалдық тобы бойынша,  №4 қазандықтағы ыстық су қазандықтарын газ және сұйық отынға көшіру арқылы қайта жаңғыртуды аяқтауға,  жылу желілерінің учаскелерін қайта жаңартуды жалғастыруға тиісті қаражат қарастырылды.  Сондай-ақ, ағымдағы жылдың наурыз айында қалалық мәслихаттың кезекті 18 сессиясы өтіп, күн тәртібінде жылыту маусымы жұмысының жүргізілу барысы  және дайындығы туралы мәселелер қаралды. Осы көтерілген мәселе бойынша қазір Сіздермен жасалып жатқан жұмыстардың жүргізілу барысын көріп тұрмыз. Жылыту маусымына дайындықтың маңыздылығын ескере отырып, қаламыздың оңтүстік-батыс тұрғын ауданында табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа қазандықтың құрылысына республикалық бюджеттен қаражат қарастыру туралы қалалық мәслихаттың VIII шақырылымының депутаттары атынан Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутаттық сауал жолданды». Оның мәлімдеуінше қазандықтың құрылысы жаңа шағын аудандарды, жаңа үйлерді қосуға, сондай-ақ, «Басқуат» қазандығына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.  Реформалардың өңірде іске асуына мұрындық болып жүрген депутаттар «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отырғанын көріп жүрміз. Осы орайда, Сіз бен біз болып қаламыздың гүлденуі мен дамуы үшін, ортақ мүдделер үшін бірлесіп  жұмыс атқара береміз деген сенімдеміз!»-деп тарқасты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз