БАҚ өкілдеріне жауапкершілікпен қоса, олардың әлеуметтік жағдайы да қарастырылуы тиіс

155

Мемлекет басшысы  өткен жылғы  16 наурыздағы Жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойған болатын. Бүгінде «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қаралуда.

Қашанда мемлекеттің, қоғамның мүдделерін және қазіргі заманғы медиа индустрияның дамуына үлес қосып келе жатқан БАҚ саласы Жетісу өңірінде де өз қызметін атқаруда. Олар телеарна, радио, облыстық, қалалық-аудандық деңгейдегі басылымдар. Осы заң жобасы қолға алынғаннан бері қалам ұстаған қауым өз ұсыныс-пікірлерін  айтып, жолдаумен келеді. Күні кеше  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен  Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен  «Журналистің кәсіби қызметінің құқықтық  және әдептілік аспектілері» атты курстық жиын өтті. Оған аудан, қала, облыстық, республикалық  БАҚ саласында қызмет етіп жүрген  журналистер қатысты.   Жиын барысында   ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі  БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры  Қайнар Ахетов,  Жетісу облысы  әкімінің аппараты  Қоғамдық даму басқармасы ақпараттық саясат  және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс бөлімінің басшысы  Досан Атантелов  бұл жиынның маңыздылығын атап өтті.

Жетісу өңірінің журналистер  тарапынан заңнамаға ұсыныстар айтылды.  Журналистер қауымына міндет пен жауапкершілікпен қоса, оларға жағдайлар қарастырылуы турасында пікірлер айтылды.  Олардың баспанамен қамтылып, жас мамандарды өңірлерге тарту – басты мәселелердің бірі.  Әлеуметтік жағдай, олардың қауіпсіздігі, этиканы сақтау мәселелері сөз болды.  Шығарған газетті  оқырманға жеткізетін  Қазпочта қызметі өте қымбат.   Дүйсенбіде шыққан газет саны уақытында жетпей, апта соңында оқырманға жеткізіледі.

Сондай-ақ, газет- журналдар дүңгіршектері болса, оқырман санын арттыруға өзіндік септігі тиер еді.   Газет оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек деді спикерлер. Бұл мәселелерде  мемлекет көмегі қажет. Ежелден қалыптасқан  аға буын мен жастар арасындағы тәлімгерлік байланыс үзіліп қалды. Сондықтан да өңірлік  аға буын  журналистерінің  клубын  ашылса дұрыс болар еді.

 Айтыскер ақын, журналист Айтақын Бұлғақов, журналист, саясаткер, Қазақстан Журналистика академиясының академигі  Атсалим Идигов және  қазіргі қоғамдағы журналистің рөлі турасында  ҚР халқы ассамблеясының мүшесі Әсия Ахметова өз ойларын ортаға салды.

«Журналистикадағы кәсіби  әдеп қағидалары» турасында  «KazMediaNetwork» ҚБ  атқарушы директоры  Бақтыгүл Бақтыбаева онлайн түрде дәріс оқыды. Жиын соңында талқылау өтті. Сұрақтарға жауап қайтарылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз