Қазақстан үшін Конституция – мемлекеттіліктің берік құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті белгілейтін басты құжат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның қоғам өміріндегі айрықша маңызына үнемі назар аударып келеді. Ата Заң – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының ғана емес, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі. Конституцияда бекітілген заң үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, халық билігі, демократиялық қағидаттар және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігі ел дамуының негізгі бағдарларын айқындайды. Конституциялық өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және әлеуметтік салаларды одан әрі жетілдіру. Өйткені халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, ал сапалы медициналық көмек көрсету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Денсаулық сақтау жүйесі – мемлекет дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Азаматтардың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру қоғамның әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық қағидаттарды іске асыру денсаулық сақтау саласының құқықтық негіздерін нығайтып, медициналық қызметті жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады. Денсаулық сақтау саласын дамытуда әрбір азаматтың медициналық көмек алуға құқығын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Медициналық қызметтердің қолжетімді болуы, әсіресе, шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындар, балалар, қарт адамдар және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар үшін өзекті. Сондықтан алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту, профилактикалық тексерулерді жетілдіру, ауруларды ерте анықтау және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау негізгі міндеттердің қатарында болуы тиіс. Сонымен қатар заманауи медициналық технологияларды енгізу, цифрландыру үдерістерін жетілдіру, медициналық ақпараттық жүйелердің тиімділігін арттыру медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттар дәрігер мен пациент арасындағы өзара байланысты нығайтып, медициналық қызмет көрсету үдерісінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Еліміз жаңа кезеңге қадам басқан сайын конституциялық құндылықтардың қоғамдық санада орнығуының маңызы арта түседі. Заң үстемдігі берік орныққан, азаматтардың құқықтары қорғалған, мемлекеттік институттар халыққа есеп беретін және қоғамның үні ескерілетін мемлекет қана тұрақты әрі орнықты дами алады.
Ақмарал Омар





























