Қазір жасанды интеллект – әлемдік тренд. Біздің қоғам цифрландыруды қолдану мен жасанды интеллектіні бағындыруда уақытпен бірге, көштен қалмай келеді. Қай саланы алып қарасаңыз да, цифрлық бағдарламаларға, жасанды интеллектіні қолдануға талпыныс байқалады. Жетісу облысында «Жетісу Медиа» ШЖҚ МКК өңірлік БАҚ арасында алғаш рет өз қызметінде жасанды интеллект қолдана бастады. Бұл үдерістің алғашқы қадамы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құзыреттерін дамытуға және әлемдік журналистиканың цифрлық трендтерімен танысуға бағытталды. Осындай ақпаратпен Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жетісу Медиа» ШЖҚ МКК басшысы Шыңғыс Бозым мен «Вестник Жетісу» газетінің бас редакторы Хасан Еспанов бөлісті.
«Қазіргі уақытта технологиялар мен ғылыми жаңалықтардың үздіксіз дамуы кезінде жасанды интеллект жұмыс, бизнес, шығармашылық және ақпараттық процестер үшін ажырамас құралға айналды. Атап айтсақ, мақалалар мен кітаптар жазу, фотосуреттерді генерациялау, суреттерді жандандыру, дауысты өңдеу және синтездеу, музыка жазу, фотосуретті 3D форматында цифрландыру секілді артықшылықтары бар.
Осы тұрғыда облыстық БАҚ қызметкерлері үшін «Жасанды интеллектті енгізу және оқыту» семинар-тренинг өтті. Нәтижесінде, «Вестник Жетісу» газеті мен Өңірлік коммуникациялар қызметі, радио, теледидар және YouTube арналарда күнделікті және апта сайынғы хабарландырулар мен дайджест дайындау кезінде жасанды интеллект қолданылатын болады», — деді Шыңғыс Өмірғалиұлы.
Бүгінде мультимедиялық журналистикада ЖИ қолданудың алғашқы қадамдары жасалды. Одан бөлек, YouTube арналарындағы бейнелердің көбейіп келе жатқан көрінісі аудиторияны осы тақырыпқа қызықтырғанын көрсетеді. Болашақта ұсынылатын мазмұн спектрі кеңейтілетін болады.