Сүт өнімдері сұранысқа ие

612

Жетісуда өндірілетін сүт өнімдерінің түрлері көбеюде. Мәселен, бүгінде Талдықорған «JLC Сүт» сүт зауыты күніне орта есеппен 80 тонна сүт өңдеп, өнімнің 50-ден астам түрін шығарады. Зауытта сүт, сары май, құрт, ірімшік, түрлі ашытылған сүт өнімдері өндіріледі, жуырда глазурленген ірімшік сүзбелерін өндіруді жолға қойды. Жаңа желіні іске қосу үшін кәсіпорын Мажарстаннан тапсырыспен дайындалған құны шамамен 150 млн. теңге болатын арнайы жабдық сатып алды. Ал зауыт мамандары «JLC» компаниялар тобының сүт өңдеу кәсіпорындарында оқудан өтті. Кәсіпорын қазір сүзбелердің 5 түрін шығарып, қазір айына 16 тонна глазурленген ірімшік сүзбе өндіріп отыр. Бұл туралы Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап taldykorgan-online.kz

«JLC Сүт» ЖШС зауытында айына 2 мың тоннадан астам дайын сүт өнімі өндіріледі, оған қажетті шикізат өңірдегі шаруашылықтардан сатып алынады. Дайын өнім Талдықорған мен Алматы қалаларында және жалпы Жетісу облысы аумағында сатылады. Облыс орталығында зауыттың 21 фирмалық дүкені бар. Кәсіпорын 260-тан астам тұрақты жұмыс орнын ашқан, оның 110-і сүт өндірісіне тартылған.

— 2014 жылы Талдықорған сүт зауытының базасында құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде кәсіпорын заманауи жабдықтармен толық жарақталды. Осының арқасында біздің өнімдеріміздің түрі жыл сайын көбейіп келеді. Біз сүт өндірісінің дәстүрлі және заманауи үрдістерін үйлестіре отырып, тұтынушыларымыздың қажеттілігін қанағаттандыруға тырысамыз. Мысалы, біздің кәсіпорында ежелден келе жатқан сары май мен құрт жасаудың технологиясы мен рецепті сақталған. Жақында зауытта жаңа өнім — глазурленген сүзбе шығара бастадық. Жаңа желіні іске қосуға қажетті заманауи жабдықтар сатып алдық. Жабдықтар шығарған зауыттың мамандары іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізді, ал біз осы құрал-жабдықтармен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендік, сөйтіп өткен жылдың шілдесінен бастап сүзбе өндіруді қолға алдық. Нарықтағы сұранысты зерттей отырып, ірімшіктің үш түрін — шоколад, қоюлатылған сүт пен ваниль шығаруды бастадық. Тұтынушылардың өнімді жақсы қабылданғанына көз жеткізген соң биылдан бастап кокос және құлпынай қосылған тағы 2 түрін қостық. Біздің өнімдеріміз жайлы «Instagram» желісіндегі @jlc_taldykorgan парақшасынан кеңірек білуге болады, — дейді кәсіпорында 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан, зауытта зертханашыдан сүт өндірісінің бастығына дейінгі жолдан өткен өндіріс меңгерушісі Амина Арынбекова.

Зауыт басшылығының айтуынша, сүзбе ірімшіктері кәсіпорында өндірілетін жаңа өнім болуына байланысты олар қазір өзіндік құнына сатылуда, мәселен зауыттың фирмалық дүкендерінде 1 данасы 150 теңге тұрады. Әзірге қоюлатылған сүт пен ваниль қосылған ірімшіктерге деген сұраныс көп.

Кәсіпорын алдағы уақытта сары май өндіретін жеке цех ашуды жоспарлап отыр. Атап өтсек, өткен жылы «JLC Сүт» зауыты 115 тонна сары май өндірді, ал қазір айына шамамен 15-20 тонна өндірілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні Жетісу облысында 8280 басқа арналған 36 тауарлы сүт фермасы бар, сәуір айының басында МТФ-да 8600 тоннаға жуық сүт өндірілген. Жалпы осы жылы өңірде мал басы тағы 2,5%-ға өседі деп күтілуде.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз