Атаңның төрінде апаңның шәйін іш

222

Ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-әжелеріміздің асыл мұраларын бүгінде тек музейлерден емес, жекелеген азаматтардың да шаңырағынан көріп таныса аламыз. Алайда,сол көне мұралардың атауларын балаларымыз, кейде тіптен, үлкендеріміз де дұрыс айтып жүр ме? Алаш қайраткерлерінен кейінгі буында қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы – Өзбекәлі Жәнібеков халқымыздың мәдени мұрасын жан-жақты зерттеп, том-том кітап жазды. Көмбелердің көзін ашып, көне дүниелерді жұртымен қауыштырғаны есімізде.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар мұраларына өскелең ұрпақтың қызығушылығын ояту мақсатында тер төгіп, еңбек етіп жатқан азаматтардың қатарынан жастардың көрінуі бір ғанибет. Сондай азаматтардың бірі, жасы небәрі 25-те ғана, Қытайдың Алтай өңірінен 2004 жылы атақонысқа көшіп келген қаламыздың тұрғыны – Мейіржан Заманбекұлы. Ол Талдықорғандағы Н.Назарбаев көшесімен қиылысып жатқан Ю.Гагарин атындағы көшенің бойынан «Торсық» атты дәмхана ашып, халқымыздың өмірлік тәжірибесінің арқасында дүниеге келген ыдысты көпшілікке таныстыруда. Торсықты ғана емес-ау, жалпы қазақ хандарынан бастап, бес қаруы, құндылықтары, тарихы, басқа да мұралары туралы танып-білген мағлұматтарын келушілерге жеткізуде. Жалпы, торсық – қымыз, айран, қымыран құйып алып, әсіресе ат үстінде жүруге ыңғайлы ыдыс. Халқымызда шаңырақ көтерген жастарға құтты болсын айта барғанда, дүниеге шекесі торсықтай ұл келсін деп тілек айтса, жақсы көрген баласын «жанторсығым», «балторсығым» деп еркелетеді. Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас деген теңеуді де кеңінен қолданады. Құлаққа жағымды, қазақилығымызды бірден танытатын дәмхананың кіре беріс маңдайшасына «Атаңның төрінен – апаңның шәйін іш» деген жазу ілінген. Көрген жан бірден қызығары сөзсіз. Менің де Мейіржанмен танысуым осындай қызығушылықтан туындаған еді.

– Шаһарымыздың әр жерінен көрініс беріп атауы тіліңді сындыратын мейрамхана, дәмханалардың арасынан «Торсық» қысқа да нұсқа, әрі түсінікті екен. Бұл кімнің идеясы?

– Басында «Төр» деп атамақшы бол-дық, ондай атау Алматыда бар екен. Анам «Торсық» деп қойды. Әкем – Изат Заманбек, анам – Зәкәрхан Жеңісгүл. Әкем де, анам да Көксу ауданы Мәмбет ауылында тұрады. Ауылда қарапайым ортада, қазақи тәрбиені көріп өстім. Әкем — дәнекерлеуші, темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын қолөнерші, сурет те салады. Әкемнен бойыма тараған өнерлерім бар. Дизайнермін, осы жерді толықтай өзім көркемдеп, қалыптастырдым. Анам – мәдениет сала-сының қызметкері, көркемдік жетекші, биге үйретеді, өлең де жазады. Атам да бар, ол Көксу ауданы Жамбыл ауылында тұрады. Ол кісімен көп әңгімелесемін. Өскен ортам толықтай қазақи, ауылда орыстар тұрмайды. Мақсатымыз – қазақилықты дәріптеу. Үйде кітап оқимыз, шаңырағымызда Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуымен жазылған кітаптар бар. Кезіндегі Қажығұмар Шәбденұлы сынды керемет адамдардың кітаптары сақталған. Байқаймын, қазіргі жастар қазақилықтан ұяла ма, білмей ме, қарапайым «Абай жолын» кімнің жазғанын да айта алмайды. Тіптен, торсықтың не екенін білмейтін де адамдар бар екен.

– Мейіржан, дәмхананың ішіндегі үстелдер отырып тамақ жеуге ыңғайланған екен. Шынымен де атамыздың төріне шыққандай боламыз. Келген азаматтар қалай қабылдап жатыр?

– Ата-бабаларымыз киіз үйдің ішінде, жер үстелдің маңайына жайылған құрақ көрпенің үстіне жастыққа шынтақтай жатып, тамағын да ішіп, ортақ мәселелерін де шешіп алған ғой. Мен де осы жерге келген барлық адамдармен сөйлесемін. Бұл жерде бәрі бір-бірімен танысады, әңгіме дүкен құрады. Атам қонақтан — қай елсің, руың қандай, қай жердің тумасысың, ата-бабаң кім деп, жөн сұрайды. Оның өзі бір тектіліктің белгісі деп ойлаймын. Мында қарап отырсаңыз, қазақтың хандарының бейнелері ілініп тұр. Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың кім болғаны туралы әңгімелеймін. Негізі, қазақ халқы сыйлы қонағын төрге шығарған. Анама сол ой келіп, атаңның төрінде отырып, апаңның шәйін іш деп, қонаққа өзінің ниетін танытып, сыйлы, құрметті екенін білдіргісі келді. Бойына қазақилықты сіңіру мақсатында шығар немерелерін ертіп келіп, ас ішетін әжелер қатары да күннен-күнге көбейіп келеді. Қонаққа келген балалардың арасынан байқайтыным, 3-4 жасқа келгенше сөйлемейтін балалар бар. Сөйлесе де «ноу папа, ноу мама» дейді. Бұл телефонның әсері. 2-3 жастағы қазақ бүлдіршінінің әке-шеше деп айта алмауына ішім ашиды. Тіпті кейбір үлкен кісілер немерелеріне қазақша сөйлесе, олар орысша жауап береді. Баласы немесе немересі қазақша түсінбейді, соған бола ата-әжесі де орысша сөйлеуге мәжбүр. Бұл әрине, өте өкінішті жағдай. Оны қадағалау керек. Дамуына да, дарынына да, ерекше нұқсан келеді. Баланы, сен орысша сөйлейтін орыс болма, керісінше өз тілінде сөйлейтін қазақ бол деп тәрбиелесең, оның бойында намыс оты оянып, жігерленіп, алдыға ұмтылары сөзсіз.

– Әрине, құптаймын. Дей келе,осы кәсіпті ашуға не түрткі болды? Басқа да кәсіптерің бар ма, әлде?

– Кәсіпкерлік саласына келмес бұрын мен Мәмбет ауылындағы Жылқайдар Егінбаев атындағы орта мектепті бітірдім. Осыдан бір жарым жыл бұрын аспаздық оқуды оқыдым. Ұстазым-елімізге танымал Дарабала. Ол кісінің Алматы қаласында 3 лағман орталығы бар. Өзім бұрын да кәсіп жасағанмын, бірақ аса нәтиже бермеді. Мен тек асхана саласы емес, алдағы уақытта қазақилықты дәріптеу мақсатында басқа да жобаларды жасауға тырысамын. Бизнеске жолды осылай салғым келді. «Торсық» – мақсатыма бастаған кішігірім баспалдақ деп ойлаймын. Енді бұл кафені ашар кезде әбден зерттедім. Адамдардың жағдайын барынша түсінгім келді. Арасында несие тұралатқан, у да шу ортадан қашып, жанына тыныштық, жылулық сыйлайтын орындарды іздейтіндер бар екен. Соны осы жерден табады деген ойдамын. Сағат та қоймадым. Оның себебі адамдар келгенде сағатқа елеңдемесін дедім. Проблема, мәселелердің бәрін сыртқа тастап келіп тынықса, демалса деген ниет болды. Арнайы кіммен келді сонымен әңгіме-дүкен құрғаны дұрыс. Адамдарда мәміле жоқ, соның кесірінен проблема туындайды. Бұл жерде 18-20 адамға дейін отыруға рұқсат. Алдын ала тапсырыс беруге де болады. Қазір ауызашар уақыты 4 үстелде де орын болмай қалады. 1-2 күн бұрын тапсырыс қабылдаймын. Барынша жаңартылған қазақтың тағамдарын дайындаймыз. «Хан асы» саналатын – жылқы еті, қой етінен – «бұқтырма», «балқуырдақ» бар. Жастарға арналып жасалған тағам түрлері де көп. Қазақтың ұмытылып бара жатқан астарының біразын жаңғырту ойымызда. Қымызды — Жетіжалдан алдыртамыз. Мал еттерін сенімді азаматтардан аламын, халал. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келеді. Ақыл-кеңестерін береді. Кимешекті апалар қателіктерімізді түзеп, «былай жазсаң дұрыс болады»,- деп ақылдарын айтады. Осыдан екі-үш күн бұрын қаламыздың имамдарымен бірге Түркиядан қари кісілер келіп тамақтанып,баталарын берді. Тараздан да қонақтар келді. Жалпы көп, өзім риза боламын. Қазақилықты жақсы көретін азаматтар баршылық екен. Олар-дың жандары рахаттанып, осыдан ләззат алады.

– Мемлекет тарапынан жастарға көп қолдау болып жатыр. Билік өкілдеріне өтініш білдірдің бе?

– Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында билік өкілдеріне әлі шыға қоймадым. Десек те, менің риза болғаным, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең дүниенің бәрі бос» деп Абай атамыз айтқандай, келген қонақтардың арасынан көмектесіп жатқандар бар. Баян деген тәтеміз 20 жыл бұрын Монғолиядан әкелген торсықты сыйға тартты. Оның қасындағы бес қару, теңге салатын торсық сыйларын да осы жерден дәм татқандар сыйлады. Арасында құтты болсын айтып, көрімдігін беріп жатқандары да бар. Көп рақмет! Мемлекет тарапынан көмек болады деп ойлаймын, ол үшін мықты жоба дайындауым керек. Осы жазда Алла бұйырса қатысамын. Алдағы уақытта ауылдағы кісілерден ет алып, оларға да қолғабысымды тигізсем деген ой бар. Күзде екіншісін ашқым келеді. Барша қазақстандықтар білсе деймін. Жастарға айтарым, бұл әлемде шектеу жоқ, үнемі алға жылжыңыздар. Біздің арман-мақсатымыз біреудің ақысын жейтін, күнәға апаратын жол болмаса ешқашан тоқтаудың қажеті жоқ.

– Қонақжайдың ішіндегі қазақи нақыштағы дүниелер кімнің қолынан шыққан?

– Өзім қошқар мүйізден басқа оюларды танымаймын. Сондықтан анам, әпкем, жолдасым үшеуі көрпешелерді, жастықтарды қолдан тікті. Әйкерім атты жолдасым бар. Отбасын құрғалы бір жылға жуық уақыт болды. Балпық биде Бақтыбала деген тәтеміз оюларды ойып берді, анам тікті, ішін әйелім, әпкем жасады. Бәрі шамасына қарай көмектесіп жатыр. Наурыздың 2-і күні ашылды. Инстаграмм мен Тик-ток желісі арқылы бізді танығандар келіп жатыр. Әлеуметтік желілерді де өзім жүргіземін. Арасында қызыққан жастарға сауданы қалай жүргізу керек екенін үйретемін. Жастарға кәсіпкерлік жобаларды дайындауға көмектесіп жатырмын. Себебі, жоспарсыз істің мақсаты да келешегі де жоқ деп ойлаймын. Жоспарды дұрыс құрмаған кезде жұмыс уақыты созылып кетеді. Өзім өлең жазамын, күйсандықта ойнаймын. Өлең-жырларды жатқа оқимын. Домбыра шертемін, гитарада да ойнаймын. Домбырамыз өзіңіз көріп отырғандай төрімізде ілулі тұр.

-Біз үшін өлмейтін мәңгілік құндылық: халқымыздың тілі, діні, ділі, ұлан-ғайыр мәдениеті мен салт-дәстүрі екені сөзсіз. Тегі мықты адам ғана оны осылайша дәріптеп, ұрпақтың бойынан ұлттық рухты оятып, ұлыдан-ұлағат, жақсыдан-шарапат тілейді. Барымызды бағалап, жоғымызды түгендейтін азаматтар барда Тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Ісіңе сәттілік серік болсын, Мейіржан!

Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз