Халқымыз басынан өткерген аласапыран заманда, өз басынан гөрі өзгелердің, нақтырақ айтсақ елінің, жерінің жолында батылдық пен қайсарлық танытып, жүктелген сенімді адал атқарған жандар арамызда жетерлік. Бекібаев Елшібек Дүйсембекұлы, 1982 жылдың қараша айында әскерге шақырту алып, азаматтық борышын Семей ядролық сынақ полигонында өткізеді.
Облысымыздың Сарқан ауданы, Алмалы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген оның алдына қойған арман-мақсаттары көп болатын. 1971 жылы ауылдағы орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1981 жылы ойдағыдай аяқтайды. Сол жылы Талдықорған қаласындағы зооветеринарлық техникумға мал дәрігерлік факультетіне оқуға қабылданады. Небәрі 17 жастағы балаң жігіт, студенттік достардың арасында оқуын жалғастыра береді. Бір күні бір күніне ұқсамайтын жастық шақтың нағыз жалындаған уақытында, араға бір жыл салып, әскерге шақырту алады. Әскери қызметі Жамбыл облысы, Гвардия кенті, Отардағы кіші командирлік курсқа қабылданумен басталды. 1983 жылы курсты өте жақсы аяқтап, сержант дәрежесінде Семей облысы, Аягөз қаласының 10810 әскери бөлімі, танк полкы, мотоатқыш батальонында бөлімше командирінің көмекшісі болып қабылданады. Отан алдындағы борышын өтеу барысында кездескен сын сағаттарында сынып кетпей, сымдай тартылған Елшібек Дүйсембекұлы, полигонда полк, дивизия қатарында көктемгі, жазғы оқуларда соғыс қимыл жаттығуларын толықтай өткізіп, 1984 жылы 13 қарашада үйіне оралады. Армандаған оқуын аяқтап,маман атанып, шаңырақ көтереді. Десе де, қауіпті аймақта өткізген әр күні, әр сағаты күні кешегідей есінде мәңгі жатталып қалды. Абайдың топырағында өткізілген сынақтардың шарпуы аймақ тұрғындарына қаншалықты әсер еткені жылдар өткен сайын айшықтала түскендей. «Егеменді ел атанып, ядролық тажалға түбегейлі тоқтау салынды. Тәубе, дейміз. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз енді мұндай сұмдықты көрмесін. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын»,- дейді ардагер. Шаңырағында ауылдық, аудандық, қалалық әкімдерден алған марапаттары мен облыстық «Нұр-Отан» партиясынан алған алғыс хаты мен төсбелгісі сақтаулы. Өзі мамандығы бойынша еңбегін жемісті жалғастырып келеді.
Гүлжанат Мырзалықызы