Жерімізге көктем лебін, күн шуағының жылуын ала келген, жаратылыс біткенге жан бітіріп, жұрт көңіліне мейірімділік ұялатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының онкүндігі аясында «Жаңару күні» тал егу шарасы өтті.
Жаппай ағаш отырғызу шарасына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен студенттер, қала тұрғындары қатысты. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Адамзат баласы асыға күтетін жыл басы Наурыздың тарихы тереңде. Бұл айда табиғат оянып, тіршілік жанданады, көк өніп, жақсылық молаяды. Әз-Наурыз – қоғамды біріктіруші, бірлік пен татулыққа үндеуші. Ынтымағы, бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын болады. Мемлекет басшысының тікелей бастауымен қолға алынып жатқан жаңғырулар, реформалар, өзгерістер, кеше ғана құрылтайда айтқан келел ойлары, «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» сияқты тұжырымдамалары Қазақстанның алдында тұрған үлкен ұлы мұраты. Бүгінде дамудың жаңа кезеңіне өтіп отырған еліміз үшін ішкі бірлігін, мемлекеттің тұғырлығы мен тұтастығын сақтаудың маңызы зор. Еліміздің еңсесі биік болсын. Ұлыс мерекесі әр шаңыраққа жақсылық, молшылық, бақ-береке әкелсін!»-деп жиналған қауымды құттықтады.
Айта кетейік, мерейлі мерекені атап өту форматы биыл ерекше ұйымдастырылуда. «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды. Әр күн қазақ мәдениеті мен қоғамының байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналған. Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған. 19 наурыз – «Жаңару күні», 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні», 21 наурыз– «Ынтымақ күні», 22 наурыз – Жыл басы, 23 наурыз – «Тазару күні» болып бекітілді. «Ұлттық спорт күні» көкпар тарту, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, асық ату, арқан тарту, бес тас, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды ұлттық ойындарын тамашалауға және ниетті жандар қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. «Ынтымақ күні» халық бір сәтке өткен ғасырларға саяхат жасап, тарихымыздың бір кезеңін тамашалайды. 22 наурыз –Жыл басы – Наурыз мейрамы. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағынан өтіп, келер жылдан үміті зор жұрт мерекені сезіну үшін бар мүмкіндік жасалады. Он күндік мерекелік шара еріктілер, жастар мен тұрғындардың қатысуымен көптеген экологиялық акциямен жалғасып, мәресіне жетеді.