Қыз жасауының құндылығы зор

321

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өткен болатын. «Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», — деді Президент. «Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста дамып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан елдің мәдени мұрасы. Бүгінде өткеннің бай рухани мұрасын өн бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихи процесті елестету мүмкін емес». Ұлттық құндылығымызды қолөнер туындылары арқылы дәріптеп жүргендердің бірі – Гүлден Омарова.

                                  

       Ақпараттық жүйеден – тігіншілікке

Мамандығым – ақпараттық жүйелерді бағдарлау. Осы саланың магистрантымын. Оқу бітіргеннен кейін  бірнеше жылдар бойы Талдықорған қаласының зейнетақы төлеу орталығында қызмет атқардым. Сол жерден декреттік демалысқа шықтым. Үйде отырғанда қосымша бір іспен айналысқым келді. Өзімнің қолөнерге деген қызығушылығым бала кезден бар болатын. Мектеп қабырғасында тоқыма бұйымдарын тоқып жүретінмін. Сол бір қабілетім есіме түсті ме, ең әуелі барлығы осы тоқыма тоқудан басталды. Қыздарыма бас киім, мойын орағыш әзірлеп, сатылымға шығарған кездерім де болды. Одан кейін тігін машинасын алып,  түрлі әдемі  бас киімдер  тігуді үйрендім.  Содан бір күні әлеуметтік желіде құрақ құрап отырған арудың бейнежазбасын  көріп қалдым. Қатты қызықтым, бірден іздеп тауып байланысқа шықтым. Ол кісі шеберлік сабақтарын өткізіп, талпынысы бар жандарға үйретеді екен. Қуана-қуана оқыту бағдарламасын  сатып алдым.  Базардан мата әкеліп, тігіп бастадым. Алғашқы жұмыстарым түзу, әдемі болып шықпады. Сонда да ісімді тоқтатпадым. Жұмыстарымды жақындарыма көрсетіп,  әлеуметтік желілерге орналастырып, бірте-бірте тапсырыс ала бастадым. Кішігірім хобби ретінде басталған қолөнерім қазіргі таңда үлкен кәсіп болып, елдің алғысына бөленіп, өзімді өзім жұмыспен қамтып, әрі табыс тауып жатырмын деуге болады.

                     

            Тұтынушы ризашылығы ең жоғарғы баға

Әжем де, анам да  үйде аяқ тігін машинасымен тігін тігетін. Балалықпен ол кісілер орнынан тұрып кеткенде машинаға отырып, талай бұзып алған кездерім болған. Негізі адамда қызығушылық болса, үйренуге деген ниет болса   кез келген нәрсені меңгеруге  болады деп ойлаймын. Адамның жасағанын адам жасайды деген сөз тегін айтылмаса керек. Тігіншілік – бірнеше мамандықтың жиынтығынан құралған мамандық десем де болады. Ол жерде тігіншілікке дизайндық қабілет, шығармашылық ізденіс қажет.   Бұл өзі шахмат ойыны сияқты нәрсе. Қандай жүріс жасайтының анық болуы тиіс. Төзім мен сабырды қажет етер аса күрделі кәсіп. Яғни, 10 % талант болса, 90 %  еңбек керек. Мен өз кезегімде құрақ көрпелерді сапалы, бірнеше жыл пайдалана алатындай етіп тігу үшін барымды саламын. Ал, талғамы биік, сапаны бағалайтын клиенттер мұны жете түсініп, қайтадан тапсырыс беріп жатады. Тұтынушының қолдауы мен шынайы ризашылығы ең жоғарғы баға,  сый деп білемін. Адам биіктерді бағындыру үшін әуелі алдыға нақты мақсат қойып, сол жолда өзін ынталандыру қажет. Білім алып, белгілі бір ортада тәжірибесін шыңдағаны абзал. Мен үнемі өзімді дамытып отырамын. Тігін саласы бойынша көптеген оқыту курстарына қатысып, біліктілігімді арттырамын. Қазіргі уақытта сән саласы, бейнелеу әлемі күнделікті өзгеріп жатқандықтан осы салада білім алуды тоқтатпай келемін.

               Алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді

Заман өзгерсе де қаймағы бұзылмаған дәстүрдің бірі – қыз жасауы. Қазақтың бұл дәстүрінің жөні мен жоралғысы бөлек екендігі айтпаса да түсінікті шығар.  Қыз бала бәлиғат жасына жеткенде ата-анасы киім-кешек, көрпе-жастығын реттестіріп, болашақ өмірге дайындаған. Қыз жүгіне аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Құрақ – тек түрлі матаның қиындысынан құралған жәй ғана көрпе емес, ананың қызына деген ақ тілеуінің жиынтығы. Кез келген ата-ана бойжеткен қызының орын тапқанын, барған жерде бағы ашылып, бай-қуатты, үбірлі-шүбірлі болғанын және тіл-көзден аман жүргенін қалайды. Осының барлығынан бабаларымыздан қалған ыстық ықыластың айқын көрінісін байқаймыз. Қаншама жылдар бойы қалыптасқан, дәстүрге айналған  жауапкершілігі мол кәдесін тігіп жүргеніме 4 жылдан асты. Тұрақты клиенттер базасы да орнықты. Әлеуметтік желіден көріп тапсырыс беріп жатқан ханымдар да бар. Осы уақыт аралығында 200-ден аса қыз жасауын, 100-ден аса қоныс той иелеріне  көрпешелер тіккен жайым бар. Қыз жасауын әркім өзінің көңілі қалағанына қарай жинақтайды. Оның бағасы көлемі, матасы мен дизайнына байланысты 150 мыңнан 250 мың теңге көлеміне дейін барады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз