Кездесу мақсаты- нашақорлық пен есірткінің жастар арасында таралуына жол бермеу

150

Жетісу облысы полиция департаменті қызметкерлері Жетісу университетінің студенттерімен кездесті. Бұл кездесудің негізгі мақсаты —  нашақорлық пен есірткінің жастар арасында таралуына жол бермеу және оның алдын алу.

Профилактикалық жиынға  Жетісу  облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сарқытбай Құсаинов, Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев, Жетісу облысы полиция департаментінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы, ішкі істер органдарының ардагері Өмірбек Ізбасаров, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Мақсат Ерғабылов, «Қос қанат» қоғамдық бірлестігінің өкілі Елена Пискунова қатысты.

Полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін жастарға айрықша көңіл бөлу маңыздылығын атап өтті.

«Нашақорлық–болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Өкінішке орай, синтетиканың негізгі тұтынушылары – жастар. Бүгінгі таңда елімізде интернет-дүкендер кез келген адамға қолжетімді екені белгілі. Яғни, саудагермен бетпе-бет кездеспей, тауар онлайн таңдалып, төлем де онлайн жасалады. Тұтынушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысып, тауарды қай жерден, қай уақытта алатыны жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, барлық іс-әрекет виртуалды жасалады», — деді ол.

Кездесуде есірткі, психотроптық, сол тектес заттарды заңсыз өткізіп, дайындағаны, тасымалдағаны, сондай-ақ, сақтағаны үшін абақтыда жазасын өтеп жүрген өрімдей жастар туралы, жасөспірімдердің есірткі бизнесіне тартылуы, синтетикалық есірткіні қолданудың зиянды әсері мен салдары туралы  бейнебаяндар көрсетілді.

Жетісу облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Меруерт Искакова есірткіге қатысты қылмыс жасаған адамға қандай жаза қолданылатынын айтты.Ішкі істер министрлігі кинологиялық орталығы арнайы даярлық бөлімінің бастығы Руслан Канафин мен кинологтар қызметтік иттердің есірткіні қалай  іздейтінін қойылым түрінде көрсетті.

                                                                                                       Әйгерім  Иебекова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз