Сүт өндірісін өркендеткен «Асыл» шаруашылығы

276

Сүт өндірісін өркендетуге мемлекет те мүдделі. Сондықтан шаруларға Үкімет тарапынан қолдау зор. Мал шаруашылығы қазақтардың ажырамас бөлігі екені сөзсіз.  Ел Президенті бүкіл ел бойынша отандық сүт өнімдерімен өзін-өзі қамтамсыз  етуге  толық көшудің нақты міндетін қойды.

 Ал  асыл тұқымды сиыр өсірем дегендерге субсидия беріледі. Мәселен, Талдықорғандағы «Асыл» мал тұқымын асылдандыру орталығы сүт өндірісін қолға алыпты.  Орталық  бүгінде күніне 500 литр сүтті зауытқа өткізіп отыр.

15 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықта  жұмысшыларға жайлы тұрғын үй де қарастырылған.  6 отбасы осы жерде салынып қойған баспанада тұрады. Кеңес кезінде  асыл тұқымды шаруашылықты өркендету әр облыста  қолға алынған болатын. Талдықорған өңірінде мал тұқымын асылдандыру ісіне Бекен Ерденов  үлкен үлес қосқан болатын. Ол кісінің игі ісін бүгінде ұлы Мұхтар Бекенұлы жалғастырып келеді.  Қажырлы еңбекпен жасалған істің басы-қасында жүрген  шаруашылық басшысы бізді жылы қарсы алды. Құтты қонақ болдыңыздар деді. Себебі, бір топ журналистер  барған күні  бұзау туған екен. Қазақ «Құтты қонақ келсе, қой егіз туар» дегендей, мұны көктем төлінің басы деп, берекеге баладық.

Орталықтың басшысы  Мұхтар Ерденов:- Қазіргі таңда сүт фермасы  жұмысын  өркендетудеміз. 2 тонналық қойма бар. Біздегі сиыр сауу жұмысы түгелдей автоматтандырылған, 6 сиыр бірден сауылады.  Сауын уақыты таңертең және кешке.  Күнделікті  500 литр сүт жиналады. «JLS» сүт зауытымен  арамызда келісімшарт жасалған.  Сүттің сапасы  бірнеше параметр бойынша тексеріледі, оның ішінде антибиотиктердің болмауы және бактериялық ластану. Шағымдар жоқ. Ал мал сауудың вакуумдық сүт құбырына өтуінің арқасында өнім ауамен жанаспайды. Бұл ластану қаупінің болмауын қамтамасыз етеді. Арнайы қойылған  ыдыстардан түтіктер арқылы таза да, сапалы өнімді кәсіпорын өздерінің арнайы көліктерімен алып кетеді. Біздің «Алатау» асыл тұқымды сиырының  ақ сүтінен  айран-сүт, құрт, ірімшік жасалып, тұрғындар тұтынуына жіберіледі.

Жалпы айтқанда, бұл шаруашылықта 115 бас сиыр бағылуда. Жаңадан туған бұзауды 2-3 күн  уызбен ауыздандырып, содан кейін бөлек үйшікте қойылып,  бөтелкелі емізікпен тамақтандырылады екен.  Себебі, сауын сиырды бұзауымен бірге қойса, сүт беру сапасы азаяды. Бұзауларға  ерекше күтім жасалып, қажетті  дәруменді жем-шөбі беріледі.

Алатау тұқымының етті-сүтті екенін есте ұстаған жөн, бұл шаруашылыққа  бұқаларды бордақылауға және ет өндіруге мүмкіндік береді. Бұқалардың  орташа салмағы шамамен 400-500 келі тартады.  Алатау тұқымы туралы айтар болсақ, сүтті, етті бағытта. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның жергілікті сиырын швиц және кострома сиырымен будандастыру арқылы шығарылғандығы белгілі.  Мұхтар Бекенұлының айтуынша, Алатау сиырының түсі негізінен қоңыр, ал дене құрылысы швиц сиырына ұқсайды. Басы үлкен, мойны жалпақ етті, арқасы мен белі түзу, кеудесі кең,сирақтары ұзын, түзу, тұяқтары мықты келеді.  Шаруашылықтың жем-шөп қоры жеткілікті. Мал бағатын жайылымдық жер де бар.

 Облыс, қала берді еліміздің  аймақтарына халықтың  тұтынуына  жөнелтіліп жатқан сүт өнімдерінде «Асыл» асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығының да өзіндік үлесі бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз