Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын. Осы орайда ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, еліміз бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты.
Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өңірде жалпы сомасы 142,8 млн. теңгеге 19 жоба мақұлданған. Соның ішінде 103,8 млн. теңгелік 14 жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталды, сөйтіп 106 бас ірі қара, 360 бас қой мен ешкі, 65 бас жылқы сатып алынды. Тағы 5 жоба шағын және орта бизнесті дамытуға, 39,0 млн. теңге арнайы техника сатып алуға бағытталған. Аталмыш бағдарламаны іске асыру биыл да жалғасын табады. Республикалық бюджеттен бағдарлама шеңберінде 3,2 млрд.теңге бөлінсе, биыл 3,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Аймағымызда бағдарлама аясында көрсетілген мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл тұрғындарының табысы артуда, бизнес жобалардың бағыты әртүрлі. Өз бизнесін дамытып, жеңілдікке ие болғандардың бірі — Өтенай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылының тұрғыны Гүлзира Тәуірбек. Ол бағдарлама бойынша 7,2 млн.теңгеге жуық сомаға жеңілдік несиесін алып, оған 100 бас ұсақ мал сатып алған. «Мал шаруашылығымен 10 жылдай айналысып келемін, сондықтан тәжірибем бар. Бағдарламамен сатып алған малдың құны 6,1 млн. теңгеге барды. Қалған қаражатқа малдың жемін сатып алдық. Жұмысты күйеуіміз екеуміз бірге жүргіземіз, ол мал жаюдың шаруасымен айналысады. Көктемгі-жазғы уақытта жайылымға шығаратын жер учаскеміз бар, шамамен сәуір айына малды өріске шығара бастаймыз. Бірте-бірте мал басын көбейтсек дейміз. «Ауыл аманаты» бізге жақсы көмектесті», — дейді Гүлзира.
Сондай-ақ, Еркін ауылының тұрғыны Гүншебай Анысқан да «Ауыл аманатының» арқасында асыл тұқымды ірі қара мал өсіруді қолға алды. Бағдарлама арқылы алған 7,4 млн. теңгеге 19 бас ірі қара сатып алып, бордақылау алаңын жасады. «Қазір 14 Алатау бұқасы мен 5 сиырды бордақыға байлап отырмын. Бұқашықтарды 4-5 ай өсіріп, салмақтарын 230 килограмға дейін жеткізсем деймін. Ал, сауын сиырлар отбасымның аузын аққа тигізіп, сүт-айраннан кенде қылмайды, әрі малдың өсіміне де пайдасы зор. Сондықтан алдағы уақытта талдықорғандықтарды сапалы, экологиялық таза сүтпен, етпен қамтамасыз етуге өз үлесімді қосамын», — деді ол. Жалпы ірі қарамен бірге фермер қой да өсіріп отыр.
Атап өтсек, «Ауыл аманаты» несиесінің негізгі шарттары — шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни 8.6 млн теңге. Сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды. Бұл ретте қарыз алудың да өз шарттары бар. 21 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейін кредитті өтеп үлгеретіндей болуы керек. Ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда бизнесті іске асыруға кемінде 6 ай уақыт беріледі. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Шағын несие қаржысының мақсатты жұмсалуын жауапты мамандар жіті қадағалайды. Сенім білдірілген өкіл ай сайын ауылшаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді. Қаражат мақсатты жұмсалмаған жағдайда айыппұл төлеп, қаржыны мерзімінен бұрын мемлекетке қайтаруы талап етіледі.