«…Ажырасқалы бері есік алдымнан еркектер толастаған емес. Сенесің бе, тіпті, күйеуімнің жолдастары да көлігімен келіп есігімді торыды. Бәрінің ойы тек біреу. Ажырасқан әйелді пайдалану ғана. Менің бақытты болғым келмейді деймісің? Мен де мына махаббатты сезінгісі келмеді деймісің, айтшы?Бірақ біздің қоғамда ажырасқан әйелдердің бақытты болуға хақысы жоқ»…
Театр. Премьера. Сахна. Жаңа серпін. Бұл жолғы қойылым бұрынғыдан өзгерек болды. Расымен, жәй ғана сөз емес, оны көрген, көкейге түйген дұрыс. Көтерілген мәселені, ішіндегі детальдарды айтып жеткізу қиын. Неге? Жаңа форма немесе шынайы өмір, боямасыз бүгінгі болмыс суреттелгендіктен болар бәлкім. Айтары мол, бағыты өзгеше. Спектакльде қос кейіпкердің тағдыры арқылы біз өмір сүріп жатқан заман адамдарының бет-бейнесі көрсетіледі. «Таптым-ау сені» қойылымы драматург, жазушы Әлібек Байболдың «Жалғызбын демеші» шығармасы желісінде сахналанды, режиссері Рамазан Үсен. Лабороториялық жұмыс әдеттегідей сахнада емес, театр фойесінде өтті. Лирикалық драма иммерсивті қойылым ретінде көрсетілуімен ерекшеленді. Әлемдік театр алаңдарында көрерменмен байланыс формасы ретінде тәжірибе жасайтын қойылымдар танымал. Солардың бірі – иммерсивті қойылым. Аталмыш спектакльде дәстүрлі мағынадағы көрермен залы болмайды, демек, көрерменді актердан бөліп тұратын «төртінші қабырға» ұғымы жоқ. Сахналанып жатқан қойылымды әртістермен бірге жүріп барынша сезініп, сюжет линиясын бір локациядан екіншісіне өтіп, тіпті, кейде болып жатқан оқиғаға өзі де әсер ете алады, көрерменді қойылым әлеміне толығымен тартуға негізделген. Р.Үсен: «Бұл біз үшін үлкен қадам болды. Қорқыныш та жоқ емес. Күнделікті тұрмыстағы өзекті мәселелер қозғалды. Халқымызда қанына сіңіп қалған стереотиптер баршылық. Соның бірі – ажырасу. Яғни, осындай жағдайға тап болған ер мен әйел тек тағдырлас адаммен бас қосуы керек деген түсінік бар. Бұндай таптаурындарды еш бүкпесіз көрсетеміз».
«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің жануардан неміз артық? Дүниенің көрінген hәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмес, адамдықтың орны болмайды.» Ғашық болу бұл сіз бен біздің өміріміздегі ащыны да,тәттіні де сезіне білетін ең ғажайып сәт! Алайда, осы сәтті өз уақытында бағалай алмайтындар да бар. Шығарма кейіпкерлерінің жүрек қылын шертер мұңлы да сырлы махаббат хикаясы ғибрат алуға татырлық . Ең терең, ең асыл сезіміңізге әсер етіп, тыңдаушы мен көрушінің денесін мұздатып, ұлы толқын қалпына жеткізері сөзсіз. Мұнда көрермен көзін жасқа толтырып, тұңғиық терең ойға шомылдыратын тірі тарих жатыр.