Аймақта ауа-тамшы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шаралар мен эпидемиологиялық ахуал жөнінде Жетісу облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев баспасөз мәслихатында хабарлады.
Спикердің айтуынша облыста қызылша мен коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық ахуалы тұрақты.Сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Қызылша жұқпасымен сырқаттану қараша айының соңындағы жағдаймен салыстырғанда біршама төмендеп отыр. Ал, ағымдағы жылдың қаңтар айында КВИ-дің зертханалық расталған 2 жағдайы тіркеліп, тұмау жұқпасының 129 жағдайы анықталды. Аталмыш инфекциялардың барлығы ауа тамшылар жолымен таралатындықтан бетперде қолданған абзал. Бұл жөнінде 8 ақпан күні Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №2 қаулысы шықты. Тұрғындар арасында ауа тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық қызылша, COVID-19, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралуының алдын алу мақсатында орталық мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға меншік нысанына қарамастан, халық көп жиналатын жерлерде медициналық немесе мата маскаларын пайдалану ұсынылды. Бұл әуежайлар, теміржол вокзалдары, базарлар, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер сияқты қоғамдық орындарға қатысты. Сондай-ақ, маскаларды қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолдану да міндеттелген болатын.