ВАКЦИНАЦИЯЛАУ АРҚЫЛЫ ЖАТЫР МОЙНЫ ОБЫРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ

217

Жетісу облысы бойынша өткен жылы қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік есепте 6700-ден астам пациент тұрса,  олардың ішінде 555 әйелден жатыр мойны обыры анықталған. 331 әйел клиникада 5 жылдан бері дәрігерлер бақылауында.

         Жетісу облыстық көпсалалы клиника директорының орынбасары Гүлайым  Оразбекова  мен облыстық  көпсалалы клиниканың амбулаториялық-емхана қызметінің меңгерушісі Индира Қалиева өңірлік  коммуникациялар қызметі алаңында  жатыр мойны обырының алдын алу үшін уақтылы тексерілу және скринингті назардан тыс қалдырмауды баса айтты.  Жатыр мойны обырын анықтау мақсатында ерте кезеңдерде скринингтік бағдарламалар жүргізіледі. Жетісу облысы бойынша аталмыш нысаналы топқа 26 903 әйел қатысты ,оның ішінде 26 291-і тексеруден өтті, бұл 97,7% — құрайды. Скрининг бағдарламасы бойынша диспансерлік есепке 26 әйел алынды, оның ішінде 1 сатысы-15, 2 сатысы-11, 3-4сатысы анықталған жоқ. 600 әйелде қатерлі ісікке дейінгі патологиялар анықталды, осы кезеңде барлық әйелдер емделеді және мамандар толық қалпына келгенге дейін 1 жыл бойы бақылайды. «Скринингтің  арқасында  ауруды  ерте сатысында анықтауға, тиімді емдеу шараларын қабылдауға және ауруды тудырмауға болады. Сондықтан алдын алу үшін жоспарлы скринингтерден өту өте маңызды. Алдын алудың екінші әдісі – вакцинация. HPC вакцинациясы әлемдегі ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген.  Бұл әдіс мәжбүрлі емес. 13 жастан асқан барлық адамдар ерікті түрде вакциналарды ақылы негізде ала алады. Жеке клиникалардағы баға 20-40  мың  теңге  аралығында болмақ. Екпенің  қарсы көрсеткіші жоқ, тіпті,  жүкті әйелдер де қабылдай алады. Бастысы аллергиялық реакциялардың болмауы», — деп бөлісті мамандар.

Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспары бекітілген. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты — онкологиялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы ауыртпалықты  төмендету болып табылады. Жоспарды іске асыру тәуекел факторларының алдын алу және басқару, жоғары тиімді ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту  сынды негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс істейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз