Ескерткіштер- елдіктің бейнесі

282
« Өз елі өз  ерлерін  ескермесе,
Ел тағы қайдан алсын  кемеңгерді» деп,  ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, еліміз үшін жандарын пида еткен алып тұлғаларымызды әрқашан  мақтанышпен  үлгі тұтамыз. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында  Талдықорған  қаласында кейінгі жылдары жаңадан бірнеше ескерткіштер бой көтерді.
Бұл біріншіден қаламызға көрік берсе, екіншіден,  «Мәдени мұра»бағдарламасының іске асуын көрсетеді. «Мәдени мұра» бағдарламасын сыныпта танысып, талқыладық. Оның  әрбір сөйлемінде бүгінгіміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар бар екенін түсіндім. Сондай-ақ қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетілген. Соның ішінде  «Туған жер» бағдарламасы менің патриоттық сезімімді  оятты.  «Ел болам десең, бесігіңді түзе» — дейді  Мұхтар Әуезов. Әрбір өсіп келе жатқан ұрпақ өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңалықтарды меңгеріп, жаңаша өмір сүру жолдарын үйренуі қажет. Өйткені, патриотизм адамның кіндік қанның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе,яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпақтың өмірі үшін күресті. Яғни, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр. Біз сыныпта «Мәдени мұра» бөлімінде көптеген ескерткіштер, тарихи мұражайлар туралы  мәліметтер алдық.Тарихи  мәдени ескерткіштер ұлттық  тарихымыз  бен мәдениетіміздің құнды жәдігері болып табылады. Ескерткіштер — әрбір елдің  тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана  емес, сол елдің өткенімен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек  ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор мұра. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 25 мыңнан астам тарихи- мәдени ескерткіштер бар. Соның ішінде  Жетісу облысы аумағында  2000 мыңға  жуық, ал Талдықорған қаласы  бойынша 28 ескерткіш бар екен. Мен өзімнің туып — өскен өлкем Жетісу өңіріндегі Талдықорған қаласындағы ескерткіштерге саяхат жасап, көптеген тың мәліметтерді білдім. Еңсесі биік Қаракерей Қабанбай, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Сүйінбай Аронұлы, Мұқағали Мақатаев, Жұмахан Балапанов, Ғали  Орманов, Дінмұхамед  Қонаев, Абай Құнанбаев, «Үш ата», Нұрмолда  Алдабергенов, Ілияс Жансүгіров ескерткіштері  кешегі өткен тарихты, ұлттың  ұмытылмайтын ұлы тұлғалары жайлы ұрпақтың мәңгі есінде қалатындай мұра. Осындай ұлы тұлғаларға қойылған ескерткіштер адамға рух, қанат беретіні анық.

Әр ескерткіштің артында тарих, айтылар сыр, жазылар кітаптар жатыр. Ескерткіштер елдің сәні ғана емес, ол кейінгі ұрпаққа рухани азық, патриоттық тәрбие беруче қызмет ететін құнды дүние.

Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасық қаны қалғанша «Жеріміз жаудың табанында тапталмасын» деп  күресті. Сондықтан, біз бүгінгі бейбіт күннің кімнің арқасында, қалай келгенін әсте естен шығармауымыз керек. Бабалардың салып берген сара жолын болашақ ұрпаққа аманат ету- баршамыздың ұлттық  борышымыз.

Жыл сайын 18 сәуір «Халықаралық ескерткіштерді қорғау» күні аталып өтіледі. Тарихи мәдени  мұраларымызды бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін білуіміз  керек. Оны қорғау  әрбір оқушының, ұрпақтың басты  парызы деп білемін.

Альбина Бақытбек ,

«Еркін ауылындағы Есжан Берліқожаұлы атындағы

 №11 орта мектебі» КММ-нің  4 «А» сынып оқушысы,

Жетекшісі: Дюсембекова Әлия Алиханқызы

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз