Еліміздің заңнамалық құжаттарындағы өзгерістерді және әзірлік үстіндегі заң жобаларын халыққа түсіндіру және жан-жақты мағлұмат беру мақсатында ҚР Парламент Сенаты депутаттары Жетісу облысын аралап шықты. Жетісудың Кербұлақ, Панфилов аудандарынан бастау алған іссапар облыс орталығында жалғасты.
Жұма күні ҚР Парламент Сенаты депутаттары Сұлтан Дүйсенбинов, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Толамисов жұмыс сапарымен облыс орталығы Талдықорған қаласына келді. Талдықорған қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Бұл кездесуді Талдықорған қалалық мәслихаты аппаратының басшысы Қайрат Бұлдыбаев ашып, жүргізді.
Сұлтан Дүйсенбинов: — Жаңа облыс ретінде құрылып, жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтаған Жетісу өңіріне ат басын тіреп келіп қалдық. Келген жаңа 2024 жыл құтты болсын. Еліміз өркендеп, өсе берсін!
Ғалиасқар Сарыбаев : — Сіздермен кездесу алдында Талдықорған қаласы әкімімен әңгімелесіп, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстық. Жыл қорытындысы жақсы екен. Сіздермен кездесудегі басты мақсат- халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, қабылданған заңнамалар жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқандығын көру. Ал, бұл жердегі біздің көзіміз, құлағымыз да – жергілікті депутаттар. Себебі, халықпен, яғни сайлаушылармен жұмыс жасайсыздар. 2023 жылы 92 заң жобасын Сенаторлар қарады. «Әділетті Қазақстан, мықты экономика құру» жолында бұл қабылданған заңдар жұмыс жасауы керек. Мәселен, «Әлеуметтік қорғау» Кодексі, «Кәсіпкерлік туралы» т.б көптеген заңдар қаралды. Осы Жетісу облысында көптеген инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Былтыр жұртшылықтан 64 өтініш түскен болатын.Оның 60-ы орындалып, 4-еуі қаралып жатыр.
Амангелді Толамисов:- Жылды облысымыз жақсы қорытындылап жатыр екен. Қуаныштымыз. Мемлекет басшысының және «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламалары бойынша көптеген істер жүзеге асырылыпты. Бұл өңірде айдынды Алакөл мен Балқаш көлдері бар, туризмді дамыту қажет. Сондықтан да, туристерді тарту үшін 2024-2026 жылдарға арналған жобалар өңір дамуына зор мүмкіндік туғызары сөзсіз. Тағы бір қуанышты іс- «Ұлттық қор — балаларға» заңды күшіне енді. Алдағы уақытта өңірді табиғи газға толығымен қосу, кей ауылдарға мәдениет үйін салу жобалары іске асырылмақ.
Қалалық мәслихаттың депутаты Р. Ақжаркенова дәрі-дәрмек бағасының өсуі мен 3 топтағы мүгедектердің жағдайына қарай тұрғын үй беру туралы мәселе көтерді. Шалқар Оразбаев өңірдегі шаруалардың екккен жүгерісінің зая кеткенін айтып, алаяқтық белең алып кеткенін, бұл ретте 10-80 миллион теңге аралығында алданғандар бар екендігіне тоқталды. Педагогика саласының магистрі бойынша бітірген мамандарға тек мектептерде ғана қосымша қаржы төленсе, бұл балабақша мен қосымша білім беру мекемелерінде төленбейді. Сондай-ақ, білім саласы бойынша Айжан Жұмаділова ұсыныс айтты. Бүгінде еліміз бойынша 500 мектепке директор қажет, бұл үлкен проблема. Қалада да бұл проблема бар. Тәжірибелі мамандар тестілеуден өту керек, ал жас маманның жұмыс өтілі жетпейді. Оның үстіне мектеп басшысы мен оның орынбасары мұғалімдерден төмен жалақы алады. Осы себепті де, басшылық орынға білікті мамандар келмейді. Қалада 30 мектеп болса, оларда ең кемі 1700-2000 бала оқиды. Сондай үлкен мектептерде 2 психолог жұмыс атқарады, олардың алатын жалақысы мардымсыз. Мамандар жетіспейді, сондықтан да, осы мамандыққа грант санын көбейту керек- деген ұсыныс айтылды.
-Шаруалар жайына қатысты, білім жөніндегі айтылғандарды түртіп алдық. Елорадаға барған соң министрліктерге бұл ұсыныстарды жеткіземіз. Ал, шаруалардың жүгеріге қатысты мәселесін Талдықорғанға келмес бұрын Панфилов ауданында болғанда, ахуалмен таныстық. Осы істі екіжақты қарауымыз керек. Жүгері өтпей жатыр. Оның нарықтағы бағасы түсіп кеткен.Түрлі жағдайлар әсер етті. Бүгінде шаруалардың бұл мәселесі оңтайлы шешіледі деген ойдамыз,- деді Ғалиасқар Төлендіұлы.
Сенат депутаттары бұл өтініш –ұсыныстарды нақты статистикамен жүйеленіп, жазбаша түрде беру керектігін, алдағы уақытта министрліктер арқылы зерделеніп,кей пікірге бағыт-бағдар берілетіндігіне тоқталды.
Сенат депутаттары Адам құқықтары жөніндегі Жетісу облысы бойынша өкілі Қанат Қарымсақовпен кездесті. Одан әрі «Жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғанысты қамтамасыз ету басқармасы» КММ жұмысымен танысты.
Жуырда жеке ғимаратқа көшкен «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» ММ-нің «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ барып, тыныс-тіршілігін көріп қайтты. Бұл орталықтың директоры Сұңқар Сапарұлының айтуынша, 2023 жылы 43 әйел мен 95 бала қызметтеріне жүгінген. Сенат депутаттары жаңа ғимарат ішін толығымен аралап көрді. Мұнда 6 ай мерзімге келген ана мен балаға барлық жағдай жасалған. Заңдық, әлеуметтік, медициналық көмектен бөлек, асхана, спорттық, тұрмыстық, қолөнер бөлмесі бар. Сондай-ақ, психолог және әлеуметтік қызметкерлер зардап шегушілермен жұмыс жасайды. Барлығы 8 түрлі әлеуметтік көмек беріледі. Бүгінде 32 адамның 24-і бала және 8-і әйел. Сенат депутаттарының іссапары өңір бойынша жалғасты.