Кәсіп иесінің есепшотына 3 айда 100-ден аса мобильді аударым келіп түссе арнайы салық төлеуге міндеттелетіні белгілі болғалы бизнесмендер тұтынушыдан қолма-қол ақша талап етуге көшкен. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті сатып алушыға еркінен тыс қолма-қол төлемді талап еткендер қомақты айыппұл арқалайтынын айтты.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлер электронды төлемнен бас тартып жатыр. Көпшілік кәсіпкерлердің бұл ісіне наразылығын білдіріп отыр.
Кез келген кәсіпкер несие картасы немесе QR арқылы төлем қабылдамай қолма-қол сатып алуды сұраса, алдымен ескерту беріледі. Келесі рет қайталанса 150 мың теңге шамасында айыппұл салынады.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормалары банк картасы, QR-төлем немесе қолма-қол ақшамен төлеу тәсілдерін көздейді (25-бап). Кәсіпкерлерге төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған: бірінші рет ескерту, тәртіпті қайталап бұзған жағдайда — 147 680 теңге (40 АЕК*) мөлшерінде айыппұл салынады», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінде.