Қай халықтың болса да тарихы тереңде. Өткен замандағы көшпелі қазақ қоғамының көркем ой тарихында ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Ауыз әдебиетінде айшықты да айрықша із қалдырған, өлең сөздің асыл маржанын терген, сұлу жырымен танымал болған, өзі өлсе де, аты өшпеген ділмар біртуарлар аз болмаған. ХIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген тума талант, жезтаңдай ақын Бақтыбай Жолбарысұлының мұрасын насихаттау мақсатында дүбірлі кеш ақын атындағы №18 орта мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ардагер ұстаздар Г.Есенбаева, Г.Қауысова, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұлов,қалалық білім бөлімі әдістемелік орталығының аға әдіскері М.Садуақасова, «Бақтыбай ізбасарлары» гимнінің сазгері С.Әжібекова, ақын Жангелді Немеребай және басқа да өнер тарландарыжәне кітапханашылар қатысып, өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Жетісу өңіріндегі атақты ақындардың бірі Бақтыбай Жолбарысұлы 1842 жылы маусым айында дүниеге келген. Ол 1902 жылы Ескелді ауданы, Өтенай ауылы, Балдырған жайлауында дүниеден өтті. Атасы Аңламастан Аю, Жолбарыс, Үден деген үш бала өрбіген. Жолбарыстан Тәттібай тарайды. Ол кезде Талдықорған жағындағы биік-биік таулар ішінде, жыра-сайларда аю, жолбарыс сияқты ірілі-уақты аң-құстар өте көп болған. Аңламас қарияның балаларын сондай күшті аңдардың атымен атауында гәп бар. Күш пен айланың заманында аю, жолбарыс сияқты батыр туса екен деп армандаған болуы керек,бірақ оның ұрпағынан Бақтыбай сияқты атақты ақын шығарын, әрине, ол білген жоқ.
Бақтыбайдың жекелеген толғау, сықақ, жоқтау өлеңдері көп болғанымен, айтыс өнері оны биікке көтерді. Мәйке қызбен, Арыстан, Жүсіпбек, Әсет, Бәйімбет, Қыпшақбай, т.б. ақындармен айтысы суырып-салма шеберліктің, тапқырлық пен батылдықтың айқын үлгісі. Ақынның «Едіге-Нұран» көлемді дастаны да сақталған. Бақтыбайдың шығармалары 1987 жылы «Жел қобыз» деген атпен жеке кітап болып шықты.
Шақырылған қонақтарды білім ордасының бірінші қабатында ұлттық киім киген білімгерлер қарсы алды. Ал ғимараттың 2-қабатында оқушылар шығармашылығынан қойылған көрмесі есте қалды. Әдеби-танымдық кештің салтанатты ашылуын 45 оқушыдан құралған хор мен оркестр мүшелері әсем әнмен көркемдеді. Әрине, қасиетті Жетісу жері киелі. Кешегі өткен Ескелді би, Балпық әулие, Айту, Пышан, Бағай, Қабанбай, Райымбек, Тілеуғұл сынды бабаларымыз осы қасиетті өлкеден екенін бүгінгі ұрпақтары мақтан етеді. От ауызды, орақ тілді, өз халқы үшін жанын пида еткен жампоздардың есімі ұмытылмайды.
Мектеп басшысы Шалқар Құдайбергенов өз сөзінде бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның басты мақсаты тума талант, жезтаңдай ақын, суырыпсалма жырау, төкпе ақындардың тобынан өркеші биік көрінетін, халықтың қадірлі ұлына айналған, өлеңнің Қабаннан соң ұраны атанған Бақтыбай Жолбарысұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, ақынның рухына тағзым етуді көздейтін шара екендігін атап өтті.
Жалпы айтқанда, тұңғыш қазақ мектебіне жыр жампозының аты берілгеніне де 30 жылдан астам уақт болған екен. Мерекелік шара ақын атындағы мектептің өз Гимнімен басталды. Бұл Гимннің сөзін жазған жерлес ақын ағамыз Әли Ысқабай мен бүгінде құрметті демалыстағы, мектептің ардагер ұстазы Гүлсімхан Қауысова, ал әнін жазған белгілі композитор Серікжамал Әжібекова. Бұл әнұранды мектептің 3-10 сынып оқушыларынан құралған хор музыка пәнінің мұғалімі Гүлден Мұқанның жетекшілігімен орындап шықты.
Бақтыбай ақынның мол мұраларының бірі-оның күйлері. Есімі сазгерлігімен де белгілі әруақты ақынның «Бақтыбай желдірмесі», «Қаратал», «Жазғы жайлау кешінде», «Жарыс», «Шабыт» деген күйлері ел ішінде сақталып, нотаға түсіріліп, орындалып жүр. Солардың ішіндегі екпінділігімен ерекше «Әуен» күйін мектеп оқушылары мен мұғалімдерінен құралған оркестр көрерменге тарту етті. Оны дайындаған музыка пәні мұғалімі Мадияр Мыңбосынов көрінеді. Өнерпаздың сахна мәдениетін сақтауы ерекше болды.
Ақынның тағы бір қыры- оның дастаншылығы. Солардың ішінде бізге жеткені- «Едіге-Нұран», «Қыз құлаған» дастандарымен қатар «Төрт өнерпаз» мысал хикаясы.
Солардың арасынан мектеп-лицейдің драма үйірмесінің мүшелері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ә.Жадрашованың бастамасымен «Қыз құлаған» дастанынан театрланған көріністі көрерменге ұсынды. Ал мектеп оқушысы Мерей Бейсенбек «Атамекен» әнін орындады. Әр өлеңі халықтың мұңы еді .Орақ ауыз, балта тілді Бақтыбай шығармашылығы халқымыздың бай қазынасы. Ақынның өзі үлгі аларлық, өнеге тұтқан әріптестері көп болған. Ол Тезекпен төре, Түбекпен, Әріп, Әсет, Уәйіспен тілдескен. Бодау салмен бірге жүрген. Шәкәрім, Самалдықпен жүздесіп, Жәлмендеге теңескен. Әзімбай, Төлеумен кездесіп, Жамбыл ақынмен сыйласқан азуы алты қарыс ақиық ақындардың қатарында. Шақырылған қонақтар да кештен алған әсерлерімен бөлісті. Жас ұрпаққа ақын шығармашылығын насихаттау мақсатындағы істеріне сәттілік тіледі. Әр өлеңінен алтын да зер табылатын, алайда сол сөз қадірін түсінетін ұрпақ қана зерделі сөзді терері сөзсіз.
Мектеп директорының орынбасары Биғайша Қауметованың айтуынша, тума талант, жезтаңдай әнші, айтыс өнерінің ақберені Бақтыбай Жолбарысұлының мұрасын насихаттау, келешек ұрпақты адамгершілікке, туған әдебиетіміз бен мәдениетімізге құрметтеуге баулу мақсатында әдеби оқу, оқырмандар конференциясы, әдеби және өнер сайыстары, жыр челленджі, кітап көрмесі барлық сынып оқушылары арасында өз жалғасын табатын болады.