Дәстүрлі ислам діні – әлемдік өркениеттің негізі, ұлт руханиятының қайнары. Ол әр адам баласын ізгі имандылыққа, адал адамгершілікке жебейтін бірден бір ілім. Жаратушы жалғыз иеміз бір жылдың он екі айының ішіндегі қасиетке толы айлар мен күндерді және түндерді айқындап көрсеткен. Сондықтан да күллі мұсылман қауымында күндердің сұлтаны – Жұма, айлардың жақсысы – Рамазан, түндердің қайырлысы қасиетті – Қадыр түні саналады. Ал, Рамазан айымен қатар Режеп, Шағбан айларының да орны ерекше.
Ережеп – ең ұлық ай. Өйткені, бұл – Алланың айы. Оған дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде былай келеді: «Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Көптеген ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» немесе «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору», т.б.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен. Пайғамбардың бұл сөзі Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.
Қаңтар айының 23 жұлдызы басталған Ережеп айы туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы: — «Ережеп – берекелі һәм ұлық ай. Бұл айда игі амалдарға мол сауап жазылады, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген.
Сондай-ақ, бас муфти: «Ислам діні келместен бұрын Ережеп айында құрбан шалу рәсімі бар еді. Ислам келіп, оның үкімін жойды. Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Біз жаһилиятта (надандық дәуірде) Ережеп айында (осы айдың құрметіне) құрбан шалатын едік. Енді бізге не бұйырасыз?» – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың жолында қайсы айда болса да құрбандықтарыңды шала беріңдер. Алла үшін жақсылық жасаңдар. Тамақтандырыңдар», – деді.
Талдықорған қаласындағы «Тәубе» мешітінің бас имамы Керімбек Дауітов: — «Жалпы бас муфтиіміз айтқандай үстіміздегі Ережеп, алда келе жатқан Шағбан және қасиетті Рамазан айларының сауабы мол. Сол үшін әрбір мұсылман баласы ізгі амалдармен қарсы алып, Алланың мейірім –шапағатынан құр қалмағаны абзал. Бүгінде облыс орталығындағы әрбір мешітте Ережеп айының құрметіне түрлі ізгі амалдар мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Мәселен, жақында өңірдің бас имамы Алмас Сағидоллаұлының тапсырмасына сай «Кішкентай мумин» тақырыбында балаларға арналған сауат ашу курсы басталды. Жыл соңына дейін жалғасатын игі шарада балалар құран оқып үйреніп, дұғалар жаттап, батырлар жырымен сусындап, дін мен салт-дәстүр сабақтастығына байланысты ұлтымыз тарихынан көптеген мағлұмат алады.
Сонымен бірге Зекет және қайырымдылық қорының өкілдерінің ұйытқы болуымен аймақтағы Көксу ауданына қарасты 15 отбасына зекет ретінде қой таратып қол ұшын берсе, көпбалалы мүмкіндігі шектеулі Бек есімді азаматқа демеушілік жасап жұбайымен бірге умра қажылыққа барып қайтуға арнайы сертификат табыстады. Мұндай шаралар басқа да имандылық ордаларымен бірге «Тәубе» мешітінде жалғасуда. Онда мұқтаж адамдарға көмектесу, жамағаттарға ислам дінінің жауһарлары, миғраж түні, намазға берік болу сынды уағыз-насихаттар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, жұрттың діни сауаттылықты арттыруға байланысты түрлі сауалдарына жауап беріліп, ізгі имандылықпен басқа да шаралар өткізілуде. Мысалға, биыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы. Осыған орай «Тәубе» мешітімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында аймақтағы спорт мекемесінің басшылығымен бірлесіп үлкен жарыс өтті. Тартымды да тартысты өткен жарыста жеңімпаздар анықталып кубок, диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар береке-бірлікті бекемдеп Ережеп айында ораза ұстағандар үшін ауыз ашар берілуде. Міне, мұның барлығы қасиетті айдың құрметіне Алланың ризалығы үшін жасалып жатқан қайырлы істер», –дейді.