Талдықорған қаласы әкімдігінің жанынан әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрылып,жұмысын жүргізуде.Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Абибеков Бауыржан Бақытұлы төрағалық ететін комиссияның құрамына: Аналар кеңесі,қалалық ішкі саясат бөлімі,қалалық емхана,қалалық жұмыспен қамту,әлеуметтік бағдарламалар және азаматтың хал актілерін тіркеу бөлімі,облыстық перинаталдық орталық, кәсіпкерлік бөлімі, «Жанұя» әлеуметтік орталығы, «Мүшелтой» балалар және жасөспірімдер клубы,қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы,қалалық білім бөлімі, «Ана үйі» ресурстық орталығының жетекшілері мен БАҚ өкілдері енгізілген.
Комиссияның кезекті отырысының күн тәртібінде 4 күрделі мәселе қаралды. «Адам саудасы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге денсаулық,отбасылық құндылықтар,құқықтық сауаттылық бойынша» атқарылған шаралар туралы Талдықорған қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы,полиция майоры Гүлвира Иманхатова баяндады. Ағымдағы жылдың басынан Талдықорған қаласының аумағында барлығы 1603 қылмыстық іс тіркелсе,оның 751 әйелдерге қатысты жасалған.Тіркелген қылмыстың ең көп бөлігі мүлік ұрлығына қатысты болса, алаяқтық-380,оның ішінде интернет алаяқтық-250.Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы»Заңын жүзеге асыру барысында,ағымдағы жылдың басынан 943 құқық бұзушыларға ,яғни заңды немесе азаматтық некедегі күйеулеріне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылса,80 құқық бұзушыға қатысты ерекше талап орнатылған.Жыл басынан Жетісу облысы бойынша Талдықорған қаласында орналасқан «Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары» орталығына,яғни «1301»сенім телефонына психологиялық,құқықтық және әлеуметтік көмек алуға 75 әйел жүгінген.Аталмыш орталыққа 129 адам орналастырылған,яғни 40 ана 89 баласымен осы баспананы саялап келген. Бүгінде орталық қабырғасында 6 әйел 16 бала бас сауғалап отыр. Адам саудасы тіркелмегендігі қуантады.Республикалық,облыстық деңгейдегі түрлі профилактикалық іс-шараларды өткізу жалғасуда.Мақсаты-қала тұрғындары арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық салдарларының алдын алу,ана мен баланы қорғау,қоғамдағы отбасының рөлін күшейту болып табылады.Екінші мәселе, «Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға арналған «Жанұя» әлеуметтік орталығының жұмысы туралы» «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының» төрайымы Жанар Нұрмұханова баяндады. Осыдан 4 жылбұрын әлеуметтік жағынан осал, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту,психологиялық,құқықтық және әлеуметтік кеңес беру түріндегі кешенді бағдарламаларды іске асыру бағытында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін құрылған «Жанұя» орталығының атқарып отырған қызметі ауыз толтырып айтарлықтай. 12 бағыт бойынша қызметін жалғастырып отырған орталыққа 2020-шы жылы-1627, 2021 жылы-1937, 2022 жылы-1850, ағымдағы жылы-1783 азамат жүгінген.Халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік,әлеуметтік көмектермен қатар массаж,компьютерлік сауаттылық,тігінші,шаштараз,аспаздық курстар тегін ұйымдастырылып,арнайы сертификаттар табысталады. 409 ана өз қалаулары бойынша алған білімдерін еңбекпен ұштастырып отыр. Бүгінде «Жанұя» әлеуметтік орталығының қызметі елімізге кеңінен танылып,өзгелерге үлгі болуда. Басқосуда ана өлімі,перинаталды сәби және балалар өлімінің алдын алу бойынша «Талдықорған қаласы облыстық перинаталдық орталығының» директоры Қанат Жұмашев жан-жақты баяндады. Орталық күн сайын Талдықорған,Текелі қаласы,Алакөл, Ақсу, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Сарқан, Панфилов аудандары мен еліміздің түкпір-түкпірінен 6 мың ананы қабылдайды екен. Сондай-ақ, күрделі жағдайларда санитарлық авиация арқылы да қызмет көрсетеді. «Алып-анадан туады» демекші,шақалақтың аман-есен дүниеге келуі ең әуелі ананың денсаулығының мықтылығына байланысты. Өкініштісі, бала туу жасындағы әйелдердің арасында созылмалы дертпен ауыратындардың қатары жыл сайын өсіп келе жатқанын естідік. Жуырда ғана дүние есігін ашқан 20 миллионыншы қазақстандықты аялы алақандарына қабылдап алған «Талдықорған қаласы облыстық перинаталды орталықта» ана мен сәби күтіміне байланысты көптеген игілікті істер атқарылуда. Ағымдағы жылы «Жол картасы» бойынша «Қамқорлық» реабилитация орталығы ашылған. Орталық туғаннан 3 жасқа дейінгі 500 мүгедек сәбиді қатарға қосуға арналған. 20 қазанға дейін 33 бала түрлі ауруларынан асқынбай тұрып емделіп, ата-анасының көзқуанышы болып отыр. Медициналық-генетикалық кеңес беру ісі бойынша дүниеге келер сәби мен оның анасының денсаулығы ертерек бақылауға алынып, алдын алу шаралары жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды,оның ішінде үйде оқитын (ерекше қажеттіліктері бар) балаларды әлеуметтендіру туралы Талдықорған қаласы білім бөлімінің әдіскері Айнұр Әділжанқызы таныстырды. Қазақстан Республикасының заңнамасында бала құқықтары туралы негізгі халықаралық құжаттарға сәйкес даму мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың білім алудағы тең құқылы ұстанымы қарастырылған. Жалпы,қала бойынша ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жалпы білім беретін барлық 27 мектепте ,3 балабақшада жағдай жасалған.Ерекше білім берумен қамтылған бала саны-660 болса,мектепке дейінгі ұйымдарда-108 бала тәрбиеленуде. Білім бөлімі тарапынан инклюзивті білім беру жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқандығы көңіл қуантады.Әр адамның тағдыры-ұлт тағдыры.Ел мүддесі,ұлт мүддесі бәрінен биік.Ұлылық пен жылылық қанымызда бар қасиет.Шыр етіп дүниеге келген сәбиімізден бастап,баяғы салт-сананы сақтаған ақсақалдарымызға дейін қамқорлық таныту мемлекеттің,оны құрайтын әрбір азаматтың парызы.Дені сау ұрпақ,ұлағатты ата-ана-болашақтың негізгі кепілі.
Гүлжанат Нұршанова.