Қазіргі таңда қызылша сырқаттанушылығы бойынша эпидемиологиялық жағдай алаңдарлық. Тамыз айынан бастап Жетісу облысында қызылша ауруымен сырқаттанушылық деңгейі артып келеді. Өңірде жыл басынан бері 556 жағдай тіркеліп, оның 381-і расталған. Инфекцияның таралуын болдырмау үшін тұрғындардың вакцина алуы үшін қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев баспасөз мәслихатында баяндап берді.
«Қызылша –ауа-тамшылы жолмен берілетін, қызбамен, интоксикациямен, дақты-папулалық бөртпенің кезеңді пайда болуымен, энантемамен, конъюнктиваның және жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жіті жоғары контагиоздық респираторлық вирустық инфекция. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, қызылшаға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 95 % вакцинациялануы қажет. Біз осы көрсеткіштерге жеткенде сырқаттанушылық төмендейді. Бұл халыққа байланысты. Сондықтан медициналық шектеулеріңіз болмаса, белсенділік танытуға шақырамын»,- деді Асхат Сәкенұлы.
Спикердің айтуынша сырқаттанушылық деңгейі Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданында жоғары. Вакцинацияға қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы комбинирленген вакцина қолданылады. Бұл үндістандық препарат «Serum Insti», ДДҰ-мен сертификатталған және Қазақстан Республикасында тіркелген. Бұл вакцина елімізде 2007 жылдан бері қолданылып келеді. Вакцина алғаннан кейін де қызылшамен ауру жағдайы болуы мүмкін. Бірақ, егілген бала ауырса да, ауру жеңіл түрде өтеді, мұндайда бөртпелер бірен-саран немесе болмауы да мүмкін. Осындай жағдайларда асқыну қауіпі төмен, себебі вакцина 95 % қорғаныс береді. Вакцинадан кейін иммунитет түзілуі үшін кем дегенде 2-3 апта уақыт қажет.