Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып QAZAQ TILI қорына 7 млн теңге көлемінде жеке жарна аударды. Бұл туралы «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы хабарлады. «Тіл жанашырларынан, қазақ қауымынан сүйінші сұрар ретім бар. 12 қазан күні президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсындым. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған еді. QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды», — деп жазды Рауан Кенжеханұлы Facebook парақшасында. Рауан Кенжеханұлы бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету. Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.
Сондай-ақ ол QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайтынын атап өтті. «Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды. Президент көрсеткен үлгіні ел азаматтары, тіл жанашырлары, кәсіпкерлер кеңінен қолдайды деп сенеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ана тілімізге деген адал азаматтық ұстанымы, көрсеткен зор құрметі, жеке үлгісі үшін алғыс білдіреміз!», — деді Рауан Кенжеханұлы.