Елімізде 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуі мүмкін. Сауда және интеграция министрлігі үкімет қаулысына тиісті өзгертулер енгізу туралы жобаны дайындады, деп хабарлайды басқа басылымдарға сілтеме жасап taldykorgan-onlinе.kz.
Қаулы жобасына сай «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» үкімет қаулысына өзгерістер енгізілмек. Жоба бір күн бұрын қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Жобада бірнеше облысты UTC+5 белдеуіне ауыстыру ұсынылған. «Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырсын», — делінген құжатта. Айта кетейік, жоба 22 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады. Қазақстандықтар «Ашық НҚА» порталында пікірін жаза алады.