20 миллионыншы тұрғын Жетісуда

1354

Еліміз бойынша ақжолтай хабар тарады,  20 миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды осындай жаңалықпен құттықтаған болатын. Мемлекет басшысы отбасы құндылығын нығайтуға, ана мен, баланы қорғауға мән берді. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 20 миллионшы  тұрғын ретінде тіркелген нәресте  Сабденбай Айсұлтан Мұхтарұлын арнайы перзентханаға барып құттықтады.

 Бейбіт Исабаев :«Айтар болсақ, бүгін елімізде айтарлықтай қуаныш. Халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Азимбаевтар әулетінде дүниеге келген  кішкентай Айсұлтан айтулы санның тұрғыны атанды. Жетісу облысының кішкентай тұрғынының бауы берік болсын! Бөбектің  ата-анасы  Мұхтар  Сабденбайұлы мен Диана  Талғатқызы балалардың қызығын көріп, бақытты болсын!»

  Кішкентай батыр Сабденбай Айсұлтан Мұхтарұлы   14 қарашада, таңғы 8-дер шамасында дүниеге келіпті.  Отбасында 4-ші бала. 3 келі,  бойы 50 сантиметр болып дүниеге есігін ашқан батырдың  жағдайы жақсы.

Нәрестенің ата-анасы  Диана Талғатқызы мен    Мұхтар Сабденбайұлы Талдықорған қаласында тұрады.  Мұхтар Сабденбайұлы  авиация майоры.  Облыс басшысы баланың ата-анасына  арнайы жазуы бар куәлік пен балаға қажетті сыйлықты табыстады. Бұған қоса «Отбасы банк» атынан 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Айсұлтанның әкесі Мұхтар өзінің алғысын айтты.

14 қарашада  Қазақстан Республикасының халық саны 20 миллион адамға жетті. Ұлттық статистика бюросының хабарламасында, халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

«Отбасы» банкі еліміздің 20 миллионыншы  тұрғыны атанған 5 балаға 2 млн. теңгеден береді. Бұл туралы «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова хабарлады. «Отбасы банкі» еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған балалардың болашағына да өз үлесін қосқысы келеді. Біз оларға әрқайсысы 2 млн теңге номиналды құны бар сыйлық сертификатын сыйлаймыз. Бұл сертификат жай ғана сыйлық емес. Ол – жарқын болашаққа жолдама. Бұл қаражат жеке баспана сатып алудың алғашқы қадамы болады», — деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз