Талдықорғанда «Халық заңгері» акциясы өтті: тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді

2

Талдықорған қаласында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халыққа білікті заң көмегін қолжетімді етуге бағытталған «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Бір алаңға түрлі сала мамандарын тоғыстырған ауқымды әлеуметтік бастама тұрғындарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша тегін кеңес алып, заң аясында шешім табуға мүмкіндік берді.

«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында өткен акцияның басты ерекшелігі – құқықтық көмекті халыққа барынша жақындату. Күнделікті өмірде азаматтар жиі кездесетін құқықтық мәселелерін шешу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болады. Ал «Халық заңгері» жобасы түрлі мемлекеттік органдар мен заң саласы өкілдерінің басын бір жерге қосып, тұрғындарға қажетті ақпарат пен кәсіби кеңесті тікелей алуға жағдай жасады.

Акция барысында адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, медиаторлар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Әрбір мәселе бойынша қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, құқықтық тұрғыдан шешу жолдары ұсынылды.

Тұрғындарды толғандырған мәселелердің қатарында тұрғын үй және жер қатынастары, еңбек даулары, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы, алимент өндіру, отбасылық құқық, кәсіпкерлік, көші-қон және несие міндеттемелері болды. Сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әсіресе, азаматтардың өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және даулы жағдайларды заң шеңберінде реттеу жолдарына ерекше назар аударылды. Мамандар тұрғындардың сауалдарына жауап берумен шектелмей, олардың нақты жағдайларына сәйкес тиісті құқықтық ұсынымдар берді.

Акцияға қатысқан қала тұрғындары мұндай бастамалардың халық үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олардың пікірінше, білікті мамандармен тікелей жүздесіп, бірнеше бағыт бойынша бір мезгілде тегін кеңес алу – уақытты үнемдеуге әрі өзекті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл.

Талдықорған қаласының тұрғыны Ботакөз Байболатова осындай шаралардың жиі өткізілуі азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

«Мұндай акциялар халық үшін өте қажет деп ойлаймын. Себебі күнделікті өмірде жер, баспана, несие немесе әлеуметтік төлемдерге қатысты түрлі мәселелер туындайды. Көп жағдайда азаматтар кімге жүгінерін, қай мекемеден көмек сұрарын білмей жатады. Ал осындай шарада бірнеше саланың білікті мамандарынан бір жерде әрі тегін кеңес алу – тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, адамдар өз құқықтарын біліп, мәселелерін заңды жолмен шешуге үйренеді. Осындай игі бастамалар жиі ұйымдастырылса екен», – дейді қала тұрғыны.

Шын мәнінде, «Халық заңгері» акциясының маңызы жекелеген құқықтық мәселелер бойынша кеңес берумен ғана шектелмейді. Бұл – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты дамытуға, халықтың құқықтық институттарға деген сенімін нығайтуға және қоғамда заңға құрмет мәдениетін орнықтыруға бағытталған маңызды қадам.

Мұндай бастамалар құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуіне, заңды мүдделерін қорғауда белсенділік танытуына және құқықтық мәселелерді өркениетті жолмен шешуіне ықпал етеді.

Заң үстемдігі әр азаматтың өз құқығын білуінен басталады. Осы тұрғыдан алғанда, Талдықорғанда ұйымдастырылған «Халық заңгері» акциясы «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іспен жүзеге асырып, құқықтық көмектің әрбір тұрғынға қолжетімді болуының маңызын айқындады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз