Елімізде отбасы институтын нығайту мен демографиялық әлеуетті арттыруда бірқатар кешенді шаралар жүргізілуде. Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады.
Президент Қ.Тоқаев Жолдауында «Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз»-деген еді. Табиғи өсім болу үшін аналарға қажетті көмек, медициналық және әлеуметтік жәрдемақы маңызды болып саналары сөзсіз. Үкімет те ағымдағы жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны бала 1,5 жасқа толғанға дейін ұзартты. Сондай-ақ, бұл жәрдемақының мөлшері де артты. Сәйкесінше бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік берді. Статистикаға сүйенсек, мемлекет тарапынан осындай қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Елімізде күн сайын 1000-нан астам сәби өмірге келеді екен.
Самғат Долаев, Н.Островский атындағы №8 орта мектеп директоры